«Керек адам» әлеуметтік білім беру жобасының мүмкіндіктері

Жоғары және арнаулы оқу орындарының техникалық мамандығы бойынша соңғы курста білім алып жүрген студенттер еліміздегі ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтуде.

«Керек адам» әлеуметтік білім беру жобасы аясында 10 азамат Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытында біліктілігін арттыруда. Олардың бірі – Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің студенті Мәдина Қамбар.

Оның айтуынша, бұл бастама жас мамандардың еңбек жолын бастау үшін үлкен мүмкіндік деп есептейді.

МӘДИНА ҚАМБАР, ӘЛЕУМЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ:

 - Ең бастысы – бұл мамандық бойынша еңбек ету. Оқу орнында алған білімді тәжірибемен ұштастырып, жүзеге асыру. Бізге жалақымен бірге шәкіртақы да төленетіндігі қуантады.

«Керек адам» әлеуметтік білім беру жобасы – Қазақстан даму банкі мен «Тайбурыл» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бастама. Оның мақсаты – жастар арасында техникалық мамандықты насихаттап, оқу орны түлектерінің кәсіби біліктілігін арттыру.

ЗАМИРА НИШАНОВА, ҚДБ АДАМИ РЕСУРСТАРДЫ БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің банк ірі индустриалдық жобаларды жүзеге асыратынын атап өту керек. Сондықтан еліміздің инженерлік-техникалық мүмкіндікті арттыру – банктің бұл салаға қосқан үлесі. Және қаржы институтының әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы маңызды қадамдарының бірі. 

Жоғары және арнаулы оқу орындарында ядролық физика мен ғарыш техникасы және технологиясын, өндірісті автоматтандыру мен мұнай саласын игерген 14 жас маман еліміздегі жетекші кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп үлгерді.

Ал Ақтөбе рельс-арқалық зауытына келген студенттердің арасындағы үздіктері бағдарлама мәресіне жеткен соң, осы жерде тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар.

Фото: zakon.kz