Ғылыми жобаларды коммерцияландыру

Ғылым мен бизнестің тиімді интеграциясы – экономиканың инновациялық дамуының негізі. Бұл Қазақстанда да қолға алынған.

Осыған байланысты елімізде жаңа жобалар әрдайым қолдау тауып келеді. Бүгінде 450-ден астам отандық өнертабысшылар ғылымға негізделген бизнесті табысты жүргізуде. Олардың барлығы Ғылым қорының арнайы грант иегерлері.

Қор өкілдерінің айтуынша, жыл сайын қазақстандық ғалымдардың тың бастамаларын коммерцияландыруға 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ОМАРОВ, «ҒЫЛЫМ ҚОРЫ» АҚ ЖОБАЛАУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бізде технологияларды әзірлеу бойынша, сондай-ақ жаңа тамақ өнімдерін өндіру саласында, агроөнеркәсіптік кешен саласында, биотехнология саласында, металлургия саласында, ақпараттық технологиялар саласында көптеген жобалар бар. 1200-ден астам түрлі маман жұмыс істейді, оның жартысынан астамы бизнес өкілдерімен келісімшарт негізінде өздерінің ғылыми әзірлемелерін енгізуден  авторлық сыйақысын алатын ғылым өкілдері.

Үш жыл ішінде елімізде 150-ден астам жобалар қолдау тауып, олардың 8-і сәтті аяқталған.

Айта кету керек, инновациялық ноу-хау республика бойынша ғана емес, сондай-ақ шетелдік нарықтарға да жөнелтіледі. Мұндай экспорттық өнім көлемі 14 млн теңгеге жуық.

МАРАТ ПЕРНЕҚҰЛОВ, «ҒЫЛЫМ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- 2020 жылы бұл сан артуы тиіс деп ойлаймын және біз оны 5 млрд-қа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ең алдымен, экспорт бізде көрші елдерге, оның ішінде, Ресей Федерациясына, Өзбекстанға, Қырғызстанға барады. Сонымен қатар біздің өнімдеріміз үшін әлеуетті өткізу нарығы Қытай екенін ұмытпаған жөн.

Айта кетейік, Ғылым қоры 2016 жылдан бастап ғылыми және техникалық қызмет нәтижелерін гранттық қаржыландыру операторы болып жұмыс істеп келеді. Оның негізгі міндеті – ғылыми жобаларды өндірістік жолға қойып, кеңге танымал ету.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: science-fund.kz