Қоршаған ортаны қорғау шаралары күшейтіледі

Жаңа экологиялық кодекске ел табиғатын қорғауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Заң жобасы Парламенттің қарауына жіберілді.

Құжат 7 негізгі принциптен тұрады. Атап айтқанда, табиғат қорғау іс-шараларын экологиялық төлемдер есебінен 100 пайыз қаржыландыру көзделген. Қолданыстағы заңда бұл көрсеткіш небәрі 45 пайызды құрайды.  Ал озық қолжетімді технологияларды ендірген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер жүйе жаңартылмаса, өтем мөлшері артады. Қоршаған ортаны аялауға ынталандырумен қатар, салаға инвестиция тартудың әлеуетін арттыру жоспарланған.

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

 - Экологиялық кодекстің жобасы – экологиялық реттеудегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген жаңа құжат. Сонымен қатар Кодексті әзірлеу кезеңінде, оны өңірлерде жұртшылықпен және бизнес-қауымдастықпен кеңінен талқылау жүргізілді. Осы талқылау барысында жұртшылықтан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Соның біразы Кодекске енді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: strategy2050.kz