Қысқы спорт түрлерінің әуесқойлары Қазақстанды таңдайды

Қысқы демалыстың экстремалды түрлерімен әуестенетіндер Қазақстанды жиі таңдайды. Алматы маңындағы Шымбұлаққа әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді.

Жергілікті инфрақұрылым жаның қалаған спорт түрімен айналысуға қолайлы. Мұнда шаңғымен сырғанаудан бастап, тіпті парапланмен ұшуға мүмкіндік бар. Қыс мезгілінде ұшу уақыты 15 минутқа созылса, жазда тәжірибелі нұсқаушымен жарты сағат бойы әуеде қалықтап, жердің кереметін құс ұшар биіктіктен тамашалауға болады.

ЕВГЕНИЙ ОРЕШКИН, ҰШУ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Шымбұлақта Қазақстандағы парапланеризм үшін ең жоғары бастапқы нүкте орналасқан. Биіктігі 3200 метр болса, біз 1600 метрден отырамыз. Яғни бұл ең жоғары және ең ұзақ ұшу, өте биік таулардың арасында ұшамыз. Парапланеризммен 30 жыл айналысып келемін. Ұшқыш болу арманым еді. Бірақ бір күні  парапланеризм – үлкен аспанға жасалған кішкентай қадам екендігін кітаптан оқып, содан бері парапланмен ұшып келемін.

Қысқы спорт түрлері әуесқойларының жиі таңдайтын тағы бір нысан – Медеудегі мұз айдыны. Ол әлемдегі ең үлкен жасанды мұз алаңы бар қысқы спорт түрлеріне арналған биік таулы кешен болып табылады. Медеу теңіз деңгейінен 1600 метрден астам биіктікте орналасқан.

Айта кетерлігі, мұз айдыны өз жұмысын бастағалы бері мұнда  конькимен жүгіру спортының 200-ден астам әлемдік рекордтары орнатылды.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: informburo.kz