Қазақстан адами даму рейтингі бойынша үздік 50 елдің қатарына енді

Қазақстан адами даму рейтингібойынша үздік 50 ел қатарына енді. Еліміз бірден бірқатар көрсеткіш бойынша бірнеше сатыға жоғарылап Норвегия, Швеция, Германия сынды дамыған мемлекеттермен бір тізімге жайғасты.

Бұл жөнінде БҰҰ Даму Бағдарламасының биылғы баяндамасында айтылған. Халықаралық ұйымның аталмыш бағдарламасы бойынша тұрақты өкілі Якуп Бериштің мәліметінше, бұл тізімді құруда өмір сүру ұзақтығы, оқу мерзімі, әр тұрғынға шаққандағы ұлттық жалпы ішкі өнім мөлшері ескеріледі.

Сондай-ақ, әлеуметтік қорғау мәліметтері, қоғамның мәдени дамуы, денсаулық сақтау, гендерлік теңдік саясаты, қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың шешім қабылдау сынды маңызды көрсеткіштер де назарға алынады.

Айта кетейік, әлем елдерінің даму деңгейін саралайтын аталмыш рейтинг 1990 жылдан бері үздіксіз жасалып келеді.   

ЯКУП БЕРИШ, БҰҰ ДБ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ЕЛШІСІ:

- Қазақстан адами даму индексі бойынша әлемнің 189 елінің арасында 50-ші орынға тұрақтады. 2018-2019 жылдары көрсеткіш біршама өсіп 15,5 пайызды құрап отыр. 1990-шы және 2018 жылдар аралығында өмір сүру ұзақтығы 5 жылға өсті. Бұл дегеніміз бүгін туған әр адам 1990 жылы дүние есігін ашқан азаматтан 6,5 жылға ұзағырақ өмір сүреді деген сөз. Ал білім алудың орташа мөлшері тыңдаушы оқу орнына түскен сәттен бастап 2,9 жылға дейін артты. Бұл өте жақсы көрсеткіш.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: kursiv.kz