Kazakh TV туризмді дамыту бойынша үздік медиа ресурс атанды

Kazakh tv телеарнасы туризмді дамыту жөніндегі үздік медиа-ресурс атанды. Бұл – «National Tourism Awards-2019» Ұлттық байқауының арнайы жүлдесі. Жалпы, байқау аясында саланың үздіктері бірнеше аталым бойынша анықталды.

Ерекше марапатқа ие болғандардың қатарында «Хабар-24» арнасының «Дархан  дала» тележобасы да бар. Байқауға отандық туризм индустриясынан 114 өтінім келіп түскен. Алғашқы кезеңде жеңімпаздарды арнайы құрылған сараптамалық кеңес іріктеді. Кейін қазақстандықтар онлайн дауыс беру арқылы таңдау жасады.

Топ жарғандардың арасынан табылған «Kazakh TV» ұлттық жерсеріктік телеарнасы әлемнің 118 елінің аумағында хабар тарататды. Бес бірдей тілде қатар жүретін телеөнімдердің көп бөлігі отандық туризмді кеңге насихаттауға бағытталған.

МАЯ БЕКБАЕВА, KAZAKH TV ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің телеарна туризмді дамыту бойынша үздік медиа ресурс деп танылғанына  өте қуаныштымыз. Шынымен де, арна бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарып келеді. Қазақстан мен Орталық Азия аймағын барынша танытатын телеөнімдер жасалады. Бұл әрине біздің тамылжыған табиғаттың әсем көріністері, өзен-көлдері, елдің өткенімен, бүгінгі тыныс тіршілігі. Қазақ тв арнасымен бірге болыңыздар. Жаңа маусым, жаңа жылда Қазақстан мен оның қоршаған ортасы жайында баяндайтын көптеген жаңа жобаларды тамашалаңыздар.

Автор: Жеңіс Ермұқанов