Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл

Елордада халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Жиынға қатысушылар қаламгер шығармашылығының заманауи қазақ әдебиетінің дамуына, ұлттық идеология мен руханиятқа қосқан үлесі елеулі екенін атап көрсетті.

Сөз өнері зергерінің артында мол мұра қалды. Роман, повестер мен әңгімелердің авторы Шекспир, Чехов, Толстой сынды классиктердің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Ал қаламгердің өз туындылары бүгінде әлемнің 13 тіліне тәржімаланған.

Жазушы, публицист, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың мерейтойына арналған шаралар жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде өтеді.

ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

- Кино және театр өнерінде өшпес із қалдырып, қазақ драматургиясының дамуына айрықша үлес қосты. Тарихи дарабоздарымыздың есімдерін жаңғыртуда ұшан-теңіз еңбек етті. Сөйтіп әдебмет әлеміне рухы мұқалмайтын адал кейіпкерлер галереясын сыйлады.

САУЫТБЕК ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

– Әбіш Кекілбаев - бірегей тұлға, феномен. Жазушының мерейтойы қарсаңында халқымыз осындай құрмет көрсетіп жатыр. Халқымыз әрқашан ұлы тұлғаларын ұлықтап, мақтан етіп келеді.

Фото: inform.kz