Бас қалада халықаралық түркі жазба тілін жаңғырту күні аталып өтті

Қазақстанның бас шаһарында алғаш рет түркі жазба тілін жаңғырту күні аталып өтті. Ұлттық мұражай қабырғасында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада еліміздің зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тарихшылар, өнер майталмандары бас қосты.

Сарапшылардың айтуынша, көне түркі жазуларының жұрнақтары  Қазақстан, Қытай, Монғолия мен Ресей елдерінде көптеп табылып жатыр. Ал біздің мемлекет аумағында Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Алматы өңірлерінде кездеседі. Табылған құнды тарихи жәдігерлер түркі жазба тілінің шежіресіне шолу жасауға мүмкіндік береді.

Мәселен, осынау мұралар түркі әлемінің жазу мәдениеті мен тілдік құрамы жылнамалық негізде этногенездік, географиялық тұрғыда жетіліп, қаншалықты өзгергенін аңғартады, дейді мамандар. Осы текті тарихи мейрам Әзербайжан мен Түркия мемлекеттеріндеде биыл алғаш рет ұлықталып отыр.

 МЕРУЕРТ КҰРМАНҒАЛИЕВА, «ULU BUDUN» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

- Аталмыш мейрамды халықаралық деңгейде ата өту бастамасын Қазақстан бірінші болып қолға алды. Біз барлық түркі тілдес елдерге осындай үндеу тастадық. Бастаманы 15 ел қолдады. Осы шара арқылы түркі тілдес халықтар ортақ құндылықтарды жаңғырту үшін бір мүдеге ұю керектігін жақсы түсініп, бірліктің қасиетін аса жоғары бағалайтынын танытты.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: atalarmirasi.org