Трансшекаралық бағыттар: Орталық Азияда туризмді дамытады

4 ел - бір өнім. Қазақстанның туризм саласы өкілдерінің айтуынша, Орталық Азия елдері «Жібек жолы» атты ортақ туристік брендін насихаттау бойынша ынтымақтаса әрекет етіп, өзара тиімді шаралар атқарумақ ниетте, деп хабарлайды Kazakh TV тілшісі.

ТИМУР ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жібек жолын қайта жаңғыртудағы басты міндет – саяхатшылар ағынын ынталандырумен қатар, материалдық әрі рухани пайда табу. Егер де шетелдік туристер үшін қызықты болғымыз келсе, біз бірінші кезекте, өзіміздің бірегейлігімізді көрсетуіміз керекпіз. Мұндай шаралар халықтың көне кәсіп, қолөнер түрлерін жаңғыртып, ұлттық тағамдарының, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің жандануына түрткі болады.

Сонымен, келесі жылдың мамыр айында ауқымды халықаралық экспедиция басталады. Ол Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның туристерге тартымды нысандарын қамтымақ. 32 күн ішінде тревел-блогерлер, туроператорлар, географиялық қауымдастық мүшелері мен журналистер 4 мың километрден астам жерді жүріп өтеді.

Мақсат –  Орталық Азия аймағының туристік әлеуетін насихаттау. Экспедиция ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының тізіміне енген ұлттық парктерді, қорықтар мен ескерткіштер орналасқан аумақтардын аралайтын болады.

ТИМУР ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз бұрыннан бар бағыттарды таңдадық. Алматыдан шығысқа қарай танымал маршрут бар. Оған «Алтын адам» табылған аумақ, Шарын шаталы, Қөлсай, Қарқара алқабы кіреді. Бұл - бірінші бөлігі. Екінші бөлігіне Қырғызстан аумағы кіреді. Оған Ыстықкөл, Ош ескерткіші, Қырғызстанның таулы көлдері, одан кейін Өзбекстанның Ферғана алқабы. Одан ары Памирге, яғни Тәжікстанның жеріне кіреміз. Пянджан арқылы Тәжікстаннан шығамыз, Ескендір көлі арқылы Самарқандқа, Самарқандтан Ташкентке ораламыз және Ташкенттен өз елдеріне оралады.

Сарапшылардың айтуынша, трансшекаралық бағыттар құру арқылы Жібек жолын жаңғырту өңірдің барлық елдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да оң әсерін тигізеді.

Ең бастысы, бірлескен туристік өнімді қалыптастыру мен алға жылжыту емес,  сәйкес инфрақұрылым құрып, сондай-ақ қызмет көрсету саласының сапасын арттыру да маңызды. Осы бағытта қазір жергілікті билік өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Бұл шараларға бизнес-қоғамдастық та өз үлесін қосып отыр.

Автор: Ақзер Сегізбаева

Фото: advantour.com