Елордада «FROM KZ» халықаралық жастар форумы өтті

Елордада Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Жастар жылының тәмамдалуына орай «FROM KZ» халықаралық форумы өтті.

Шара жастардың басын біріктіру, патриотизм мен көшбасшылық қасиеттерін ояту, пайдалы еңбекке және кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Форумға Ресей, Қырғызстан және Башқұртстан сынды мемлекеттерден белсенді жастар арнайы келген.

БАЙРАС АЗАМАТОВ, БАШҚҰРТСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖЕРЛЕСТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

– Мен үшін мұндай халықаралық форумға қатысу ең біріншіден үлкен тәжірибе. Сапарымның ең басты мақсаты әрине тәжірибе алмасу. Бізде қалай жұмыстар атқарылатындығын көрсету. Башқұрттар мен қазақтар бауырлас мемлекет. Бізге ортақ дүние көп. Сондай-ақ ортақ жобаларымыз да жоқ емес. Бұл халықаралық алаң біздің ортақ үйіміз секілді. Бір әрдайым ортақ жобаларымызда, ортақ ісімізде бір-бірімізді қолдауымыз, қолпаштауымыз керек. біз үшін бұл өте маңызды.

ЮЛИЯ ЛАГУТКИНА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ҚХА ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ МҮШЕСІ:

–Осындай іс-шаралар ең біріншіден тілтабысушылық береді. Кез келген ортада Ассамблеяның жастары бірден тіл табысып кетеді. Мысалы, шетелге болсын шыққан сәттерде жастар кез келген мәселеден шығу жолын таба алады. Осындай іс-шаралар бізге үлкен қуат, серпін береді.

Форумға модераторлар мен спикерлер ретінде Қазақстанда және шетелде танымал жас бизнесмендер, халықаралық жастар қозғалысының көшбасшылары, танымал мәдениет және спорт қайраткерлері арнайы таңдалған. Олар жастарға табысқа жетудің жеке тәжірибесімен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, аталмыш шараның ұйымдастырушысы Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: astana.gov.kz