15 қараша – Қазақстанда ұлттық валюта күні

15 қараша – Қазақстанда ұлттық валюта күні. Егемендік алған тұста төл теңгемізді айналымға түсіру тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі еді.

Қолданысқа енгізілген 26 жылдың ішінде Қазақстан банкноттары мен монеталары сауда-саттық құралы ғана болып қоймай, сонымен қатар мемлекеттің даму тарихының, жетістіктерінің айғақтаушысына айналды. Ұлттық валютамыздың алғашқы нобайлары, мұрағат құжаттары, тіпті XX ғасырдың басындағы еліміздің қаржы саласының қызметінен хабар беретін тарихи материалдар елордада ашылған көрмеге қойылды. Экспозицияға бірегей экспонаттардан құралған топтамалар да ұсынылып отыр.  

МЕЙРАМ БЕКТЕМБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Біз ұйымдастырып отырған көрме «Теңге – тәуелсіздік символы» деп аталады. Қазіргі уақытта ол тек жай ғана тәуелсіздікті ғана емес, экономикалық тәуелсіздікті білдіреді. Біздің көрмеде түрлі құжаттар, алғашқы теңгенің үлгісінен бастап, сувенирлер, сондай-ақ Кеңес үкіметі кезеңінен қалған материалдар бар. Біздің ойымызша, қала тұрғындары мен қонақтарына өте қызықты болады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: sputniknews.kz