Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының IV халықаралық медиа-форумы өтті

«БАҚ және қоғамдық келісім». Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының төртінші халықаралық медиа-форумы өтті.

Шара Түркия, Әзербайжан, Өзбекстаннан келген әлемдік сарапшылар мен шолушылардың, Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелерін, сондай-ақ республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің басын біріктірді. Медиафорум аясында дәстүрлі «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың мақсаты Ассамблеяның атқарған қызметін жария етуге атсалысқан журналистерді қолдау болып табылады.

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бірлікті, ынтымақты насихаттауда, біздегі өмір сүріп жатқан этностардың өмірін көрсетуде баспасөз құралдарының ролі үлкен. Баспасөз құралдары ақпаратты қалай береді, қалай насихаттайды сол себепті, біздің жылдың соңында қорытындылап, арнайы баспасөз өкілдерін шақырып, Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі этностардың, халықтардың ынтымақ-бірлігін көрсетудің маңыздылығын ескеріп, журналистерге үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді.

Байқаудан оза шыққандар қатарында «Kazakh TV»  телеарнасының тілшісі Зарина Асанова да бар.

ЗАРИНА АСАНОВА, «KAZAKH TV» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ КОРРЕСПОНДЕНТІ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Этносаралық келісім мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі –маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясына біздің шығармашылық бастамаларымызды қолдап, қошеметтегені үшін үлкен алғыс айтамын. Сондай – ақ  «Kazakh TV» телеарнасының барлық шығармашылық тобына алғысымды білдіремін. Себебі телеарна үлкен ұжымдық еңбектен тұрады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: inform.kz