Көрнекті этнос өкілдерінің мәліметтер базасы құрылды

Еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосқан 50 көрнекті тұлға. Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихшылар мен ғалымдардан құралған сарапшылар тобы ел аумағын мекен еткен атақты этнос өкілдерінің бірегей мәліметтер базасын жасады.

Бұл тізімге ортақ тарихи-мәдени мұраны қалыптастыруда зор еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері кірген. Олардың қатарында Тарас Шевченко, Латиф Хамиди, Лев Гумилев, Денис Тен сынды есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылған  тұлғалар бар.  Жалпы зерттеу жұмысының барысында ғалымдар жинаққа енуге лайықты деген 533 адамның өмірі мен табыс кілті  жайында тың деректер жинаған. Өзгелерге үлгі болатын танымдық маңызы зор жоба Елордада өткен ғылыми конференция аясында таныстырылды.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Біздің бірлігіміздің негізі әралуандылығымызда. Бұл – достығымыздың іргетасы.  Ел болашағы, өскелең ұрпақ санасына осы жайында Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым құйып отырады. Күшіміз бірлікте. Қазақстанның дамуына өзге ұлт өкілдерінің де қосқан үлесі зор.  Бұл – тың ғылыми зерттеулер мен сарапшылардың қызығушылығын тудыратын алаң. Олардың елдегі кез келген саланың құрылып, жетілуіне сіңірген еңбегі өлшеусіз.

КЕМЕЛБЕК ОЙШЫБАЕВ, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫ» КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Біріншіден, бұл кітап жастарымызға үлгі көрсетіп саналы тәрбие беру үшін басылып шықты. Өзіміздің ортадан шыққан көрнекті этнос өкілдерінің өмірлік тәжірибесінен сабақ алып, өнеге ету үшін қолға алынған игі бастама.  Мәселен, Затаевич – Қазақстанға жер аударылған поляк ғалымы. Ол елімізде жүріп, қазақтың халық әндерін терең зерттеп, нотаға түсірген. Осының арқасында қазақтың халық өнері қаз қалпында сақталып, бізге жетіп отыр.

Көп ұзамай көрнекті этнос өкілдерінің электронды мәліметтер базасы онлайн режимінде қолжетімді болып, жинақ кітапханалар қорын толықтыра түседі. Игі бастама бұнымен тоқтамай жалғасын табатын болады.

Фото: assembly.kz