5 мың қазақстандық «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен оқу курсынан өтіп, жеке кәсіптерін ашқан

Жеке ісіңді тиімді жүргізу, тұтынушылардың сұранысына сай төл өніміңнің өндірісін жолға қойып, өз кәсібіңнен жақсы нәпақа табу.

«Жас кәсіпкер» республикалық бағдарламасы жастарды кәсіпкерлік негіздеріне баулып, бизнестің қыр-сырына машықтауға арналған. «Атамакен» ұлттық палатасы жастар жылы іске қосқан жоба аясында 18 бен 29 жас аралығындағы 20 мың қазақстандық оқу курсынан өтіп, оның 5 мыңы жеке кәсібін ашып үлгерген.

ӘСЕТ СӘДУАҚАСОВ, «АТАМЕКЕН»  ҰКП ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ МИКРОҚАРЖЫЛАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Микробизнес ашқан жастардың көбі – кеше ғана екі қолға бір күрек іздеп жүрген жұмыссыз жастар. Бүгінде олар жеке кәсібін іске қосу үшін алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Кейбір бизнес ойлар шикі болып жатады. Олардың тиімсіздігі оқу барысында анықталады. Ол үшін күмән тудырған жобалардың маркетингтік зерттеулері жүргізіледі. Сараптамалардың денін қатысушылардың өздері жасайды. Бастамасы сынақтардан мүдірмей өтсе, авторы өз жобасын жүзеге асыруға кіріседі.

Жастардың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыру. Осы мақсатта ел деңгейінде бірқатар жобалар кешенді түрде қолға алынып келеді. Бұндай  игі бастамалардың бірі «JasА» деп аталады.  Ол жастардың өз ортасында, яғни тұрғылықты қаласы мен елді-мекеннін көркейтуге арналған жаңашыл көзқарасы мен тың ойларын жүзеге асыруға бағытталған.

АРСЕН ҚАМБАЛОВ, «ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАР ҚОҒАМДАСТЫҒЫ» ҚБ «JASA»  ЖОБАСЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МЕНЕДЖЕРІ

 - Біздің «JasА» жобамыз 14 пен 28 жас аралығындағы жастарды қолдауға бағытталған. Бір қызығы, ауылды аймақтар мен  шағын қалалардың жастары ерекше белсенділік танытты. Бүгінде 104 жоба жүзеге асыру барысында тұр.

Жобалардың тақырыптық аясы мен мән-маңызы әр-алуан болғанымен, басты мақсаты ел игілігі үшін жасалып жатқан әлеуметтік бастамалар.

Мәселен, бірі мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорттық алаң құруды көздесе, енді біреулері қоғамдық жерлерде ерекше орындықтар мен жарықтандырғыш құрылғылар орнатып жатыр.

Жалпы биыл жұмысшы жастар бірлестігі 5 жобаны жүзеге асырған.  Олардың бірі - «Жастар жұмысының Академиясы».  

БЕЙСЕНӘЛІ ҚАРАБАЕВ, «ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАР ҚОҒАМДАСТЫҒЫ» ҚБ  «ЖАСТАР ЖҰМЫСЫ АКАДЕМИЯСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МЕНЕДЖЕРІ

 - «Жастар жұмысының академиясы» Атырау облысының жастар саясаты жөніндегі басқармамен бірлесіп, осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ортақ бастамамыз үш тренинг пен бір конференциядан құралған. Қазіргі таңда біз жоспарлаған барлық үш тренингті де өткіздік. Онда біз еңбекке жарамды жұмысшы жастарды қамтуға тырыстық. Бұндай жоба басқа еш жерде болмағанын ерекше атап өткім келеді.

Сарапшылар Жастар жылы  Қазақстанда жүзеге асырылған барлық жобалар екі қолға бір күрек таппай жүрген жас азаматтардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қосады деген сенімді пікір ұстанып отыр.   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов