Елордада «Қазақстан этностары: елдің дамуына қосқан үлестері» ғылыми конференциясы өтеді

Қазақстан этностарының ел дамуына қосқан үлестері елорда төрінде қарашаның 12-сі күні өтетін ғылыми-тәжірибелік конференцияға арқау болмақ.

Республикалық маңызды шара ортақ қазақстандық мәдениет пен тарихты терең зерттеуге, отандық құндылықтарды насихаттауға, елдегі барлық этностардың үлестерін айқындауға арналады.

Ауқымды жиын қарсаңында Шымкентте ғалымдар, тарихшылар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бас қосты. Олар егемендік жылдары ірі мегаполиске айналған шаһардың экономикасы мен мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне, ғылыми және спорттық жетістіктеріне үлес қосқан азаматтар туралы өз білетіндерін ортаға салды. Мұндай тұлғалар жайлы деректер қазір бірыңғай мәліметтер базасына енгізіліп жатыр.

ГҮЛЖАН СҮГІРБАЕВА, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ:

 - Бұл біздің өңірімізге, жасөспірімдерімізге үлкен сабақтастықты көрсетеді. Және де тарихқа қосқан үлесі ғой. Біз көбіне ХІХ ғасырдағы адамдарды көп білеміз. Ал біздің замандастар туралы мәліметтер көп емес.