Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық кеңесіне – 10 жыл

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің құрылғанына 10 жыл.

Мерейтойға орай елордада «Әралуандықтағы бірлік: қазақстандық және халықаралық тәжірибе» атты ғалымдар мен сарапшылар форумы өтті. Жиын қоғам қайраткерлері, зиялы және шығармашылық қауым өкілдері мен үкіметтік емес және жастар ұйымдары басшыларының басын қосты. Онда әлеуметтік институттың ғылыми-сарапшылық кеңесінің бүгінге дейінгі жұмысы қорытындыланды.

Сондай-ақ қатысушылар көпмәдениетті қоғамда қаймағы бұзылмаған ұлтаралық келісімге сызат түсірмей, жарасқан бірлікті көздің қарашығындай сақтау қамындағы мәселелерді талқыға салды.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2009 жылы ұйым жанынан ғылыми-сарапшылық кеңес құрылды. Құрамына ұлтаралық қатынастарды зерттеп жүрген еліміздің танымал ғалымдары енді.   

АЙГҮЛ СӘДУАҚАСОВА, ҚХА ҒЫЛЫМИ-САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

-  Қазақстан Орталық Азия аймағының мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Сондықтан ұлтаралық келісімге қатысты бар іс-шараларды Еуразияның, Орталық Азияның бірыңғай экономикалық кеңістігіндегі үрдістерді ескере отырып, құруымыз керек.  Байланыс қай тұрғыда дамытылады? Бұл орайда Қазақстан Ассамблеясы ортақ тарихи сабақтастықты тауып, заман ағымына сай үндестірудің тың жолдарын іздейді. Медицина саласындағы әріптестікті де жандандыру керектігі назардан тыс қалмайды. Жастар арасында диалог құру жағы да – басым бағыттардың бірі. Өскелең ұрпақтың құндылықтарға деген көзқарасы өзгергенін білеміз. Осының бәрін қаперімізде ұстап, ел және жалпы өңірдің жарқын болашағын құруға атсалысамыз. 

АНАТОЛИЙ БАШМАКОВ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ҚХА КАВЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаяси үрдістерді тереңінен зерттеуге мүмкіндік беретін өте маңызды әрі аса күрделі құрылым деп санаймын. Ғылыми-сарапшылық кеңес жұмысының нәтижелерінің бірі деп Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраларының құрылуын айтар едім. Ол да бір жағынан қоғам санасын жаңғыртып, ұлтаралық келісім мәдениетін қалыптастыру, халықтар достығын нығайта түсуге өз ықпалын тигізуде.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов