Сексеуіл құрамында сирек кезігетін рений металы табылды

Ол топырақты азудан қорғап, құнарлығын сақтайды, ауа райын реттеуде де әсері бар. Бұған қоса сексеуіл сабағы мен бұтақтарының құрамында сирек кезігетін рений металы табылған, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

Қазақстандық өсімдіктану және фитоөнім институты мамандарының айтуынша, бұл металл түрі әлемде аса құнды және сұранысқа ие. Ол көбіне әуе құрылысы кешенінде, химиялық және электр құрылғыларын өндіріс салаларында қолданылады. Шөлді аймақтың інжу-маржанының өндірістік мән-маңызы айрықша дейді, мамандар.

ЛИЛИЯ ДИМЕЕВА, ӨСІМДІКТАНУ ЖӘНЕ ФИТОӨНІМ ИНСТИТУТЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Бұл сирек металл негізінен жер қойнауында кезігеді. Енді жердің үстінде табылып жатыр. Әрине айтарлықтай көп емес. Бірақ ғылым үшін бұл – үлкен жетістік. Өйткені тереңнен анықтаудан бұрын қазып алу оңай емес. Ол – алттыннан да қымбат бағаланатын платина тобының бір түрі, оның қолданыс аясы кең.

Құмды жерлерде ғана өсетін ағаштың қасиеті әлі толықтай ашылмаған дейді, ғалымдар. Сексеуілдің медицина саласында да үлесі бар. Ғалымдар одан дәрілік заттар дайындауға болатынын анықтапты.

ЛИЛИЯ ДИМЕЕВА, ӨСІМДІКТАНУ ЖӘНЕ ФИТОӨНІМ ИНСТИТУТЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

-  Сексеуіл ағашының құрамында алколоидтер бар. Оны жүрек қан тамыры жүйесіннің ауруларын емдеуде, жалпы қысымды төмендететін дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болады. Әзірге бұл әдіс тек халықтық ем-шар ретінде қолданылып жүр.

Жалпы сексеуіл шөлді аймақтарда орман қорының ұлғаюына және сортаң жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ қуаң даланы мекен ететін аң-құстарға пана болады.

Бір ғана өсімдік тұқымдасының қоршаған ортаға берер әсері көп. Сексеуілді кесуге тыйым салынатын мараторийдің ұзартылуы – жалпы аймақтың флорасы мен фаунасын сақтау қамында қолға алынған шаралардың бірі.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: ecoportal.info