Нұр-Сұлтанда «Сәкен Сейфуллин: тұлға және уақыт» атты халықаралық конференция басталды

Елордада «Сәкен Сейфуллин: тұлға және уақыт» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара қазақ әдебиеті классигінің 125 жылдығына орайластырылған. Конференцияда қазақ әдебиетінің аса көрнекті қайраткері Сәкен Сейфуллиннің саяси-қоғамдық қызметі, ғылыми және жазушылық еңбегі, шығармашылық тұлғасы жаңа заман көзқарасы тұрғысындағы ойлары айтылып, спикерлер тарапынан баяндамалар оқылды. Шараға шетелдік және еліміздегі белгілі қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, ақын-жазушылар және ғалымдар қатысты.  

ҰЛЫҚБЕК ЕСДАУЛЕТ, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қайшылықтарға қарамастан, сол замандағы большевиктік саясаттың өзін, біздің еліміздің, ұлтымыздың, жұртымыздың мүддесіне қарай бұрған үлкен, ірі күрескер, қайраткер болып саналады. 25 жылға дейін біз «киргиз, кайсак» аталып келгенбіз. Үкіметіміздің өзі «кирцик» болып келген. Содан құтқарған адамдардың бірден бірі болса – осы Сәкен Сейфуллин. Тіпті сол замандағы әдебиеттің өзін қарасаңыздар, барлығында да біздің аты-жөніміз, қазақ ұлтының атын бұрмалап келген. Міне, сондықтан да біз Сәкеннің алдында бүкіл ұлт ретінде қарыздармыз деп айтуға әбден болады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: enu.kz