Қазақстандағы Neet жастарының әлеуметтік портреті жасалды

«Жастар» ғылыми зерттеу орталығының сарапшылары Қазақстандағы Neet жастарының әлеуметтік портретін жасады. Мамандар жұмыспен қамту сынды мемлекеттік қолдау бағдарламаларына ел жастарының атсалысуын сарапқа салды.

ҒАЛЫМЖАН ҚҰСМАНҒАЛИ, «ЖАСТАР» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Зерттеу елдің барлық 17 өңірінде жүргізілді. Біздің орталықтың әлеуметтанушылары өткізген сауалнамаға екі мың сұхбаткер тартылды. Сараптауға екі апта уақыт кетті.

Сауалнама қорытындысы «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» және «Болашақ» бағдарламаларының аса танымал екенін анықтады. Орталық мамандарының зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша, арнайы ұсыныстар жасалды.

МӘРИЯМ ҚҰСАЙЫНОВА, «ЖАСТАР» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Біріншіден, жастар саясатын жастардың түрлі тобымен мақсатты түрде ұзақ мерзімді жұмысына бағдарлау. Екіншіден, жастардың тұрғылықты мекенжайы бойынша өткізілетін ақпараттық іс-шараларды жандандыру қажет. Үшіншіден, оқушылардың ата-аналарымен сынып сағаттарын ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл орайдағы келесі ұсыныстардың бірі – ол шәкірттерді бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін тегін орталықтар ашып, сыныптан тыс шараларға тарту. 

Айта кету керек, әлеуметтің Neet тобына еш жерде оқымайтын не жұмыс жасамайтын жастар кіреді. Бұл термин ең алғаш рет өткен ғасырдың соңында Ұлыбританияда қолданылған. Кейін бұл жаһандық деңгейдегі феноменге  айналды. 

Фото: ocm.wiltshire.gov.uk