Қазақстандық телеөнімдер жаңа нарықтарды бағындыруда

Қазақстандық өндірістен шыққан деректі фильмдер мен көркем хикаялар өзге елдердің арналарында көрсетілетін болады. Әлемдегі ең ірі теле және кино өндірісі нарығы саналатын MIPCOM бизнес алаңында осындай келісімге қол жеткізілді. «Хабар» Агенттігі шараға осымен үшінші рет қатысып отыр.

ЕРЛАН БЕКХОЖИН, «ХАБАР» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл сапарымыз агенттікке өте пайдалы болды. Жалпы мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шараларға отандық арналардың қатысуы маңызды деп санаймын. Келушілердің барлығы «Қазақстан» және «Хабар» Агенттігі деген жазуларға назар аударып, біздің контентке қызығушылық танытып жатыр.

Халықаралық көрме өткізілген 4 күнде «Хабар» Агенттігі ондаған кездесулер өткізді. Нәтижесінде контентті сатып алу-сату бойынша мәмілелер жасалып, жаңа серіктестік жобалары туралы келісілді.

ГИЙОМ РОЙ, ПРОДЮСЕР:

– Мен Қазақстан туралы елордада өткен ЕХРО кезінде білген болатынмын. Көрмеде мен Франция павильонында жұмыс істедім. Сіздің астанаңызды, қалаңызды, мәдени байлығыңызды, еліңізді, оның кеңдігін танып, білдім.  Кейін қайта келіп, тағы да аралап шыққым келді. Енді осы арманымды мен  француз телеарналарымен, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай серіктестерімен Жаңа Жібек жолы туралы жоба арқылы жасағым келіп отыр.

Жаңа жібек жолы жобасын  идея авторлары мәдениетке арналған еуропалық ірі ARTE телеарнасында көрсетуді жоспарлап отыр. Агенттік өзге де серіктестерімен «Kazakh TV» арнасының бағдарламаларын кеңейтуді де қарастырып отыр.

Әлемнің 118 елінде 5 тілде көрерменін эфирімен қамтитын тұңғыш қазақстандық жерсеріктік арна енді Арменияда да хабар таратады. Қазақстандық телеөнімдерді әлеуетті сатып алушылар қатарында Оңтүстік-Шығыс Азия, Пәкістан, Италия елдері бар. Сондай-ақ агенттік шетелдік өнімдердің премьераларын көрсетуге уәде етті.

Фото: Хабар 24