18 қазан – Рухани келісім күні

18 қазан – Рухани келісім күні

18 қазан Қазақстанда Рухани келісім күні атап өтіледі. Бұл – бірлік пен кешірім, мейірімділік пен түсіністік күні.

Бүгінде республикада 140-тан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүруде. 1992 жылы Алматыда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен I Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен еді. Оған түрлі конфессиялардың, теологиялық мектептер мен гуманитарлық қоғамдық қозғалыстардың өкілдері жиналды. Ортақ шешіммен 18-ші қазан – Рухани келісім күні деп белгіленді.

ТИМУР ДЖУМУРБАЕВ, ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біздің еліміз қаншама этностар мен конфессиялардың бір қоғамда тату-тәтті өмір сүріп, өздерінің мәдениетін, тілі мен дінін сақтай отырып, дами алатынының жарқын мысалы болып отыр. Бізде корей, ұйғыр, өзбек және неміс тілдерінде өз қойылымдарын қоятын академиялық театрларымыз бар. Осының бәрі біздің полиэтникалық қоғамға дамуға жағдай жасап отыр.

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ НАИБ МҮФТИ:

 - Бірнеше дін өкілдері бірігіп өмір сүріп келдік. Қазір жаһандану уақытында бұл бірлестікті ары қарай да нығайту үшін арнайы бір институттар, арнайы жиындар керек екені бәрімізге белгілі. Соның бірі – осы айтулы Рухани келісім күні. Әртүрлі конфессия өкілдері басшылары бас қосып, өздерінің ойларын халыққа жеткізіп, халықтың татулығына үлес қосатын күн деп санаймыз.

Фото: Хабар 24