Аралдың Орталық Азия үшін маңызын баяндайтын кітап жарық көрді

«Арал теңізі басейнінің суы Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін» атты кітап жарық көрді. Кезінде көлемі бойынша әлемде 4-ші орын алатын көлдің тартылуы Қазақстан мен Өзбекстан ғана емес, жаһандық деңгейдегі мәселеге айналғанына жарты ғасырға жуықтады. Ғылыми еңбекте экологиялық апатқа қатысты барлық ақпарат қамтылған. 2 жыл бойы жазылған жинаққа 60 автордың зерттеу жұмыстары енген. Оның тең жартысы – өңір ғалымдарының сараптамалық деректері. «Судың да сұрауы бар» демекші кітапта тіршілік көзінің тапшылығы әлеуметтің әл-ауқатымен қатар, өңірдің экономикалық дамуын тежейтіні айтылған. Теңіз арнасын қалпына келтіріп, судың қорын ысырап етпеу қамындағы Қазақстанның бастамалары өз нәтижесін беруде, дейді кітап редакторы.

СТЕФАНОС КСЕНАРИОС, КІТАП РЕДАКТОРЫ, PHD ДОКТОРЫ, /ГРЕЦИЯ/:

 - Қазақстан теңіздің солтүстік жағалауының 70 пайызға жуығын қалпына келтірді. Кітаптағы менің тарауым тұрақты дамуға қатысты болды. Ол жерде мен теңізге қатысты 2018 жылға дейінгі көптеген жаңа статистикалық мәліметтер келтірдім. Меніңше, бұл орайда Қазақстан аймақта көш бастап келеді. Өйткені елде таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Ал су үлестіргіш желілер тұрғындардың 80 пайызына дейін тартылған. Сондықтан да бұл бағыттағы Қазақстанның тұрақты даму көрсеткіштері қарқынды түрде дамып келетінін айтқым келеді.

Фото: caa-network.org