UNWTO VIII саммиті: «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар» декларациясына қол қойылды

UNWTO-ның VIII жаһандық саммитінің Нұр-Сұлтандағы кездесуінің қорытындысы бойынша «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар» декларациясына қол қойылды, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Құжат Қазақстан астанасының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Естеріңізге сала кетейік, саммитке әлемнің 80 елінен қатысушылар келді. Оның ішінде туризм индустриясының мамандары, шетелдік кеңесшілер, ірі халықаралық туристік қауымдастықтар мен жеке ұйымдардың өкілдері бар. Талқылау барысында сарапшылар туризмді қалай дамыту керектігі туралы өз ойларымен бөлісті.

КРИСТОФ ГРЕТЦМАХЕР, PR-КОМПАНИЯНЫҢ БАС ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ /АВСТРИЯ/:

 - Туризм – қазіргі кездегі ең маңызды тақырыптардың бірі, өйткені ол елдің танымал болуына ықпал етеді және инвестиция әкеледі, сондай-ақ ол елдің имиджімен тығыз байланысты. Сондықтан, қажет байланыстар орнатпаса, елдің сұлулығын, мәдениетін және елдің мүмкіндіктерін көрсетпесе, сырт көз басқаша көзқараста болады. Сторителлинг бұл - жаңа тренд. Кең аудиторияға бағытталған деректі фильмдерді көбірек түсіру керек. Себебі Қазақстанда шөл даладан тауға дейін, шаңғы серуенінен жүзуге дейін көрсетуге болады. Туристік әлеуетіміз зор. Бұл туралы адамдарды хабардар етуіміз керек.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: Хабар 24