Нұр-Сұлтанда туризм және қонақжайлық институты ашылады

Нұр-Сұлтан қаласы іскерлік кеңестердің орталығына айналып, туристер үшін тартымды шаһарлардың бірі саналады. Болашақта Елорданы қызықты әрі бәсекеге қабілетті деген 50 туристік бағыт тізіміне енгізу жоспарланған. Бұл жөнінде сегізінші ЮНВТО жаһандық саммитінде айтылды. Халықаралық форумның қатысушыларының пікірінше еліміздің басты шаһары қарқынды дамып келеді. 21 жылдың ішінде қаланың аумағы 3 есеге ұлғайса, ондағы тұрғындар саны 280 мыңнан бір миллионға жетті. Алдағы уақытта да Елорда алған бағытынан қайтпай смарт технологиялар мен логистика және қауіпсіздік шараларын дамыта түспек.   

ХЕЛЕНА МАХУАС, «ASTANA CONVENTION BUREAU» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз үшін бұл самиттің берері мол, осы жиында біз өзіміздің әлеуетімізді барынша таныта аламыз. Өйткені жиынға 300-400-ге тарта шетелдік делегат келді. Көбі Қазақстанға алғаш аяқ басқан. Тұңғыш сапарлары болғандықтан қаланың тыныс-тіршілігімен танысқысы келеді. Сондықтан бұл ақылды қалалар жөніндегі пікір-таластар мен жаңа ойлар болумен қатар іс жүзінде Нұр-Сұлтанның әлеуетін танытудың мүмкіндігін ашып отыр.

2019-2015 жылдарға арналған туризмді дамыту бағдарламасына орай осы саланың елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесін арттырып, экономикалық өсімнің басым бағыттарының біріне айналдыру көзделген. Осы орайда инвестиция тарту жоспарланған. 

КРЭЙГ СМИТ, “DHAHRAN TECHNO VALLEY” БАС ДИРЕКТОРЫ /САУД АРАБИЯСЫ/:

 - Қазіргі таңда осы саланың басты трендтерінің бірі – қызықты оқиғаға толы туризм. Бұл биік белестерді бағындырып, жылдам өзенде жүзу дегенді ғана білдірмейді. Осы бағыттың көздегені көз тартар әсем табиғатты тамашалау деген сөз. Қай жастағы адамдар болсын тамылжыған табиғат аясында саяхат құрып, таза ауамен демалғанды жөн көреді. Осы орайда Қазақстанның әлеуеті зор. Сұлу табиғатпен қатар, бұл жерде көптеген саяхатшыларды қызықтыратын тағы бір фактор бар. Ол – мәдениеттің сақталуы. Мәселен, Қытайдың Бейжің немесе Шанхай қалаларында жаханданудың кесірінен өткенмен сабақтастық жоғалып барады.   

Үстіміздегі жыл соңына дейін Нұр-Сұлтанда туризм және қонақжайлық институты ашылады. Онда саланың мамандары дайындалатын болады. Оқу орны шетелдік әріптестермен жұмыс жасайды. Бұл туристік ағынды арттыра түседі, дейді жергілікті мамандар.

Фото: inbusiness.kz