Қазақстандық оқушылар Қытайдағы Tang Wai халықаралық мектебінде болып қайтты

Қазақстан мен Қытай мектептері білім беру әдістемелерін жетілдіру бойынша өзара тәжірибе алмасуда.

Аспан асты елінің тілін үйреніп жүрген жас өрендер Чэнду қаласындағы Tang Wai халықаралық мектебінде болып қайтты. Кешенді білім ордасында балабақша, бастауыш, орта және жоғары деңгейдегі сыныптар, жатақханасы бар. 7000-нан астам шәкірт таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін білім алады, деп хабарлайды Kazakh TV  арнасының тілшісі.

ХУАН БО, TANG WAI МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің мектеп пәндерге бай. Түске дейін балалар міндетті пәндерді оқыса, түстен кейін олар қосымша сабақтарды игереді. Мектептің басты ерекшелігі 400-ге жуық пән оқытылады. Мәдениет пен өнерге қатысты барлық пәндерді қамтимыз. Мысалы, музыка сабағы өтетін болса, оның ішінде заманауи құралдармен ойнайтын сабақтармен қатар көне Қытай өнерін дәріптейтін арқылы сабақтарда бар. Сондықтан да біздің балаларда үлкен таңдау бар.

Халықаралық мектепте ағылшын тілі міндетті. Одан өзге француз, неміс, жапон, араб және орыс тілдері қосымша оқытылады. Білім ордасы шетелдік мектептермен ынтымақтастық қарым-қатынаста. Біздің оқушылардың сапарынан кейін Қазақстанмен де тәжірибе алмасу форматына көшуге ниетті.

ХУАҢ БО, TANG WAI МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Қазақстандық балаларды, мектеп мұғалімдерін қуана-қуана қарсы алып жатырмыз. Бізге сіздердің мемлекеттеріңізден оқушылар алғаш рет келіп отыр. Біз үшін айтулы жағдай. Ал болашақта сіздермен жақынырақ ынтымақтаса түсеміз деген ойдамын.

Қытайдың алдыңғы қатарлы мектептерінің бірімен жақынырақ танысқан қазақстандық оқушылар мен ұстаздар пайдалы тұстарын түртіп алғандықтарын айтты.

ҚАРЛЫҒАШ ЖАНҒАЗАҚОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ 26 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Тәжірибе алмасу ол үлкен құндылық деп ойлаймын. Екі жақта баланың білімін меңгеру, теория мен практиканы байланыстыру – баға жетпес құндылық. Біздің балалар 2 жылдың ішінде оқыған қытай тілін бүгін тәжірибеде емін-еркін қолдана алып отыр. Және басындағы олардың күмәндарі сейілді. Осы қалаға келсем ба, осы жолға түссем ба, осы жолды таңдасам ба, өмірімді осы Қытай мемлекетімен байланыстырсам ба деген сұрақтарға толыққанды жауап алды.

Айта кетейік, Қазақстандағы Қытай елшілігі Жастар жылы аясында қытай тілін үйреніп жүрген отандық мектеп оқушыларына арнайы мәдени сапар ұйымдастырған болатын. 1 апталық сапар барысында өрендер аспан асты елінің мәдени-тарихи орындарын да аралап тамашалады.   

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: zagran.guru