Нұр-Сұлтанда Ядролық қарудың зардабына арналған халықаралық көрме ашылды

«Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін». Елордада жалпы ТМД кеңістігінде алғаш рет осындай атаумен халықаралық жылжымалы көрме ашылды. Әлемнің 20 елін шарлаған жаһандық экспозиция қатерлі қарудан түбегейлі бас тартудың адамзат тағдыры үшін маңызын  БҰҰ деректері арқылы баяндайды. Елбасының Семей сынақ полигонын жабу туралы тағдыршешті қаулысының 30 және Орталық Азияның ядролық қарудан ада аймақ екені туралы шартының 10 жылдығына арналған танымдық шараны жапондық мамандардың ұйымдастыруы да бекер емес. Бұл ел Қазақстанның ядролық қаруға қарсы күрес жолындағы басты әріптесі саналады. Өйткені қос елдің де күші жойқын қарудың ащы тауқыметін тартқан тағдыры ортақ. Көрмені үстіміздегі айдың 13-не дейін тамашалауға болады.  

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жуырда ғана Токио қаласында «Ядролық қарусыз әлемге жол» атты үлкен көрме мен халықаралық конференция өткізіп келдік. Енді біздің жапондық әріптестеріміз де осы жаққа өздерінің аталмыш тақырыптағы ядролық қарусыздану жолындағы болған іс-шараларды баяндайтын деректерді қазақстандықтарға көрсету үшін көрме ұйымдастырып отыр.  

ХИРОЦУГУ ТЕРАСАКИ, SOKA GAKKAI INTERNATIONAL ВИЦЕ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Ядролық қару не екенін көбі білгенімен, оның қаупін бәрі бірдей сезіне, алмайды. Бұл жаһандық мәселе болғанымен, көпшілік сәйкесінше көңіл бөлмейді. Біздің басты мақсатымыз – осы көрме арқылы қатерлі қарудың жалпы адамзат үшін төндіріп тұрған қаупін барынша көп қауымға жеткізу.  Қазақстанның антиядролық бастамалары кеңге аян, өзгелерге үлгі. Біздің  ел – жаппай қырып жою қаупі зор қаруды таратпау жөніндегі  жаһандық қозғалыстың көш басында келе жатқан мемлекеттердің бірі.

Фото: presidentlibrary.kz