Қазақстандық оқушылар Қытайдағы атақты Шаолинь монастырінен ерекше әсермен қайтты

Шаолинь – Қытайдың орталығында, Суншань тауының бөктерінде орналасқан атақты монастырь. Оның негізі 495 жылы император Сяо Вэнь-Дидің қолдауымен қаланған. Бүгінде туристер үшін танымдық һәм қызықты мекенге айналған монастырьге Қазақстаннан Қытай мәдениетімен арнайы танысуға келген оқушылар да барды. Олар бала кезінде тек экран алдында отырып монастырь туралы трилогияны құрайтын Қытай-Гонконг көркем фильмдері арқылы ғана білген Шаолинмен жеке танысқандарынан ерекше әсер алды.

ДӘРИЯ НҰРТАЕВА, ОҚУШЫ:

– Біз мұнда көп жаңа дүниелерді танып жатырмыз. Мысалы мен бұған дейін Будда діні туралы ештеңе білмеген едім. Маған Шаолинь монастырі қатты ұнады. Бұл жерде өте қызық болды. Маған бізге айтылған тарих пен орын алған оқиғалар ұнады. Атап айтсам, мүсіндер, монахтардың өздері, монастырлер барлығы өте-өте әдемі. Барлығы есте қаларлықтай болды деп айта аламын. Себебі бізге дінді түсіндірді, жеткізді. Біздер тіпті арнайы шырақ жақтық.

Иә, оқушыларға монастырь әсер етті ме, әлде Будда туралы айтылған оқиғалар ма бірақ олар да басқа келуші туристермен бірге шырақ жағып, тілек тіледі. Мұндай сапарлар, олардың айтуынша, ой өрісін кеңейтіп, әлемді жақынырақ тануға көп көмегін тигізеді.

ДІЛНАЗ ТОҚЫБАЕВА, 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

- Менің Қытай туралы жалпы ойым, пікірім толығымен өзгерді. Ол мен ойлағаннан әлдеқайда әдемірек, тарихы қызығырақ болып шықты. Бұл сапар маған Қытайдың жаңа тұстарын ашты. Сапар барысында Қытайды, тіпті өзімді жаңа тұсымнан таныдым деп айта аламын. Сондай-ақ елдің менталитетімен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстым.

Қазақстандық оқушылар Шаолинь монастырімен жақынырақ танысқаннан кейін, балаларға арналған Шаолинь мәдениеті мен жауынгерлік өнерін үйрететін мектепке барды. Жауынгерлік қойылым да балаларға ерекше әсер сыйлады. Айта кетейік, Қазақстандағы Қытай елшілігі Жастар жылы аясында қытай тілін үйреніп жүрген мектеп оқушыларына арнайы мәдени сапар ұйымдастырған болатын. 1 апталық сапар барысында отандық мектеп оқушылары аспан асты елінің 4 бірдей қаласында болып қайтты.

Фото: fishki.net