«Бабалар ізімен» экспедициясы Шешен Республикасына барды

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Шешен Республикасындағы бауырлас құмық және ноғай ауылдарына ат басын тіреді. «Терек» және Сунджа өзенін бойлай орналасқан бұл елді мекендер – ертеден түрік қыпшақтарының құтты қонысы. Оны өңірдегі топонимдер айғақтайды. Оған қоса жергілікті халықтардың арасында бүгінге дейін қыпшақ, найман рулары сақталған. Жер-су атауларының басым бөлігі төл тілімізден шыққан. Брагуны ауылының да түп төркіні Борахан сөзінен алынған. Өздері әлі күнге солай атайды. Бұдан бөлек қыпшақтарға тән тас мүсіндер де жиі кездеседі.

ЗАУЫРБЕК БЕКИРИН, БРОГУНИ АУЫЛЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Жанымыздағы Сержен юрт деген ауылдың тұрғыны соңғы соғыс кезінде отбасын бомбадан қорғау мақсатында жер қаза бастайды. Сол кезде ауласынан балбал тас шығады. Тасқа қашалған адамның көзі қысықтау, мұртты болған және екі қолын алдына ұстап тұрған. Мұндай белгілер тек қыпшақ жауынгерлерінің қабіріне қойылғаны белгілі.

Бабалардан қалған белгілерді Ингушетия Республикасынан да көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі – Қарабұлақ елдімекенінің сыртындағы мына кесене. Тарихи деректерге қарағанда X-XV ғасырларда салынған.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мұндай формамен салынған мавзолей тек қана біздің бабаларымызға тән нәрсе деп айтуымыз керек. Өйткені жергілікті халық мавзолей салмайды. Олар тек қана тас қояды, басқа ештеңе қоймайды. Ғалымдардың айтуынша, бұл арада жерленген Богда хан деген кісі болған дейді. Өйткені бұл арада тұрған халықтардың көбісі ноғайлар, құмықтар басқа да түрік тұқымдас халықтар.

Фото: Хабар 24