Елордада Дәстүрлі діндер көшбасшылары сьезі хатшылығының отырысы өтті

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII сьезі Елордада 2021 жылдың маусым айында өтеді. Бұл туралы сьезд хатшылығының 18-ші отырысында айтылды. Жалпы жиынға қатысушылар 4 тақырып бойынша сөз қозғады. Ең алдымен былтыр қазан айында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 6-шы сьезіне қатысты  пікірлер айтылды. Бұдан бөлек, келесі, жетінші жиынның күн тәртібі қаралды. Тараптар келесі жылдың наурыз айына дейін өз ұсыныстарын жария етуге уәде етті. Ал хатшылық отырысына жетекшілік еткен Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Қазақ елі әлемдегі дәстүрлі дін өкілдерін бір шаңырақ астында жинап, ортақ алаң ұсынған сәттен бері 16 жыл өткенін атап өтті. 

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы болды. Өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, бүкіл әлем мойындаған бітімгер, тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады. Оның конфессияаралық ашық диалог өткізу туралы идеясын сол сәтте барша әлем қызу қолдады.

ДИМИТРИЙ САФОНОВ, ОРЫС ПРАВОСЛАВТЫҚ ШІРКЕУІНІҢ ДІНАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӨНІНДЕГІ МӘСКЕУ ПАТРИАРХАТЫНЫҢ СЫРТҚЫ ШІРКЕУЛЕРМЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ ХАТШЫСЫ:

-  Әлемнің көшбасшылары жиналатын мұндай платформа еш жерде жоқ. Мұсылман мүфтиі, проваславтық дін қызметшісі мен өзге де дінді ұстанушылардың жетекшілері бір жерде отырған кезде, дінаралық қақтығысқа, зорлық-зомбылыққа жол берілмейтіндігін көруге болады.  Барлығымыз – туыспыз, барлығымыз – бауырмыз.

Фото: strategy2050.kz