Қазақстандық мектеп оқушылары жазғы демалыстарын Қытайда өткізді

Қазақстандық мектеп оқушылары жазғы демалыстарын Қытай Халық Республикасында өткізді. Нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы Қытай елшілігі Жастар жылы аясында 14 пен 16 жас аралығындағы қытай тілін үйреніп жүрген мектеп оқушыларына арнайы мәдени сапар ұйымдастырды. Елорда мектептерінен 24 оқушы мен оның тәлім берушілері 1 апталық сапар барысында Қытай мәдениетімен, тарихымен, сондай-ақ аспан асты елінің білім ордаларымен де танысып қайтты.

АЙЖАН ӘМІРҒАЛИЕВА, 81 МЕКТЕП ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ҚЫТАЙ ТІЛІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

- Қытай мектептерімен ғана емес, олардың жатақханаларымен, жұмыс істейтін орындарымен танысып жатырмыз. Бұл – біз үшін де, мұғалімдер, біздің оқушыларымыз үшін де үлкен бір тәжірибе. Себебі бір жағынан біздің қазақстандық мектептерге ұқсайды. Дегенмен де өздерінің ерекшеліктері бар екен.

Расында қытай тілін үйреніп жүрген балалар үшін Қытай мектебінің партасында отырып, қытайлық оқушымен тілдесіп, қытайлық ұстаздың өзінен иероглифтің дұрыс жазылуын үйренуі ең есте қалаларлық сәт болғаны сөзсіз. Себебі отандық оқушылар бұған дейін қытай тіліне оң көңіл бөле алмаған болса, алдағы уақытта тіл үйрену барысын пысықтайтындықтарын жеткізді.

АЙНҰР ЮСУПОВА, 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

 - Мен қытай тілін үйренуді бастаған едім, бірақ сабақтарыма үлгере алмауыма байланысты қытай тілі қалып кеткен еді. Енді Қытайға келіп, оның мәдениетімен танысқаннан кейін, әсер алғаннан кейін осы қытай тілін оқуды жалғастыруды ойлап жүрмін.

АЛИХАН ЖАНҒАЗАҚОВ, 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

-  Мен мектепті бітіргеннен кейін Қытайда білім алуды жоспарлап отырмын. Себебі мұнда ең мықты мұғалімдер, әлем бойынша ең үздік университеттер орналасқан. Сондай-ақ білім алу үшін ең жақсы жағдай жасалған.

Айта кетейік, сапар барысында оқушылар аспан асты елінің 4 бірдей қаласында болып қайтты. Атап айтар болсақ, Қытайдың оңтүстігінде орналасқан Шэньджэньнен бастап, Чэнду, Чжэнджоу және Бейжің қалаларын аралады. Осылайша балалар бүгінгі Қытаймен кешегі Қытайды салыстыра отырып, елді тереңінен таныды.

Авторы: Ақзер Сегізбаева   

Фото: baq.kz