2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланды

Қазақстанда еріктілер қозғалысы дамудың жаңа кезеңіне түсті. 2020 жыл елде «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығы жанынан құралған «Еріктілер клубы» 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда 500-ден астам азамат еріктілер қатарына қабылданған. Олар шаһардағы барлық салаға атсалысады.

БИБОЛ ЖАҚЫПБАЕВ, ЕРІКТІ:

 - Ерікті дегеніміз не? Ол – қоғамға көмек беру. Ең бірінші – өзіне көмек беру. Бізде көбінесе еріктілерде жастар буыны өте көп. 80-90 пайызы жастар. Солар біреуге қол ұшын беру, көмектесуді әр түрлі форматта өткізіп жүр.

Түркістан облысында білім алып жатқан студенттердің 30 проценті –еріктілер тобына кіргендер. Биыл өңірде белсенді жастардың қатысуымен түрлі жобалар, қайырымдылық іс-шаралары өтті.

БЕРЕКЕ ДҮЙСЕБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ерікті деген бұл - әрбір жастың, әрбір азаматтың өзінің жеке жан қалауымен осы қоғамға кішкене болса да қосатын үлесі. Бұл – жастардың бойында азаматтық позицияны, потриоттық сезімді оятатын бағыттардың бірі. Ерікті болу арқылы біз жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған өзіндік үлесін қосуға шақыратын бірден-бір платформа деп айтсақ болады.  

Түркістан облысында 500 мыңнан астам жас бар. Биыл жыл соңына дейін ерікті жастардың санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, өткен жылы өңірде ерікті жастардың қатысуымен 15 млн теңгенің ісі атқарылған.

Фото: turkystan.kz