Қ. Тоқаев: Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек

Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда көтерген тағы бір өзекті мәселесі – қазақ тілінің мәртебесі болды. Қазақ тілінің  мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек деді, Президент.  Филолог ғалым Ерден Қажыбектің егер қазақстандықтар бір-бірімен мемлекеттік тілде сөйлесіп, оны барлық салада қолданса, қазақ тілі халықаралық деңгейге көтеріле алатындығына сенімді.

ЕРДЕН ҚАЖЫБЕК, А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ  АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз бүгінгі таңда ұлт – мемлекет деген түсінікке жеттік. Ал Қазақстанда – бір мемлекет, бір ел, бір халық. Сондықтан «ұлтаралық» ұғымын мемлекетаралық, халықаралық деп түсіну керек. Яғни қазақ тілін халықаралық тіл деңгейіне көтеру керек. Үшіншіден, Алтын Орда, Дешті Қыпшақ кезеңіндегі тарихи кезеңдерден бастап, ғасырлар бойы қазақ тілі халықаралық қатынас тілі болып келді. Сондықтан бұл тәжірибе бұрыннан қалыптасып келген. Болашақта қазақ тілі ғылымның, өндірістің, инновацияның, экономика мен мәдениеттің халықаралық тілі бола алатынына сенімдімін.

«Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін насихат қажет! Оқыту курстарының да жұмысы үздіксіз жүргізілгені маңызды». Бұл ақтөбелік ұлағатты ұстаз Олег Светтің пікірі. Қазақстанның оқу ісінің үздігі тілді құрметтеу – ел азаматтарының парызы деп біледі. Бүгінде облыс тұрғындарының 94 процентке жуығы мемлекеттік тілді меңгерген.

ОЛЕГ СВЕТ, ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

 - Мемлекеттік тілдің аясынының кеңеюі ең бірінші әрбір адамның өзінің ұлтжандылық қасиетінде болуы керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ұлтаралық қатынас құралына айналуына көп көңіл бөліп, сол тұрғыда көп еңбек етіп, өз үлесімізді қосуымыз керек.