ЕҚЫҰ Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесіне қызығушылық танытты

Этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының мамандары зерттеуде. Сарапшылардың пікірінше, қазақ елінің табысты тәжірибесі халықаралық қоғамдастық үшін аса маңызды. Қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің өзектілігі және Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей институттың қызметі туралы Ассамблея мүшелерінің Еуропалық ұйымның Жоғарғы комиссары Ламберто Заньермен кездесуінде айтылды. Шетелдік делегация өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінің жұмысымен танысты. Еске салсақ, Ассамблея бүгінде 1000-нан аса этномәдени бірлестікті бір шаңырақ астына жиып отыр, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

ЛАМБЕРТО ЗАНЬЕР, ЕҚЫҰ АЗ ҰЛТТАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ЖОҒАРҒЫ КОМИССАРЫ:

 - Этносаралық келісімнің табысты модельдері өте маңызды, өйткені олар қоғамның тұрақтылығын сақтайды және халықаралық қоғамдастыққа түрлі қақтығыстарға қарсы тұруға көмектеседі. Қазақстан халқы ассамблеясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының шараларына белсенді түрде қатысып жүр.

АЙГҮЛ САДВОКАСОВА, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ ЖӘНЕ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі еуропалық ұйым тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымында таныстырылды. Кезінде Кофи Аннан Қазақстан халқы Ассемблеясы туралы өз пікірін білдірген болатын. Барлық қатынастардың негізін ортақ құндылықтар құрайды, Қазақстандағы этникалық топтарды осы құндылықтар біріктіреді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: Хабар 24