Қазақстандық ғалымдар Еуропалық ядролық зерттеулер орталығының экспериментіне қатысады

Қазақстандық ғалымдар Еуропалық ядролық зерттеулер орталығының ірі эксперименттерінің біріне қатысады. Швейцариядағы Үлкен адронды Коллайдерінде олар үлкен жарылыс теориясын және ғаламның құрылымын зерделеуге ниетті. Бұл жерде қазақстандық физиктердің бай тәжірибесі ең жақсы нәтижелер мен әлемдік ашылымдарға жетуде маңызды рөл атқара алады.

КРИСТОФ ШЕФЕР, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БӨЛІМІНІҢ АҒА КЕҢЕСШІСІ /ШВЕЙЦАРИЯ/:

 - Үлкен адронды Коллайдерде 4 үлкен эксперимент жүріп жатыр. Соның біреуіне Еуропалық ядролық зерттеулер орталығы қазақстандық ғалымдарды шақырады. Инфрақұрылымды жолға қою үшін инженерлер қажет.

Ядролық технологиядағы жетістіктер заманауи медицинаның дамуына да септігін тигізетінін атап өткен жөн. Мысалы, бүгінгі таңда қазақстандық ядролық физиктермен бірлесе отырып, ғалымдар адам ағзасындағы өзгерістерді дәлме-дәл көрсете алатын изотоптар жасап шығарды. Бұл препараттар қатерлі ісікті ерте анықтап, оны емдеудің тиімді жолын табуға мүмкіндік береді.

ЯН КУЛКА, КРАКОВ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ /ПОЛЬША/:

-  Қазіргі уақытта ядролық медицинаға қажетті радиоизотоптардың екі категориясы бар. Бірі диагностикаға арналған. Екіншісі емдеуде қолданылады. Яғни изотоп сәулелендіру үшін адамның денесіне орналастырылады. Ал оны алу үшін қуаты аз реакторлардың болуы маңызды. Адамзат бұл салаға инвестиция салуға дайын.

Сарапшылардың пікірінше, ядролық энергияны қолдануға болатын салалар көп. Осы ретте тың бағыттардың бірі ауыл шаруашылығына қатысты. Белгілі болғандай, радиацияны қолдану арқылы өсімдіктердің, жануарлар жасушаларының құрылымын өзгертуге болады. Осылайша, олардың өнімділігін, қоршаған орта мен зиянкестерге төзімділігі артады. Бұл қазақстандық мамандардың «бейбіт атомды» қолдану саласына қосқан үлесінің аз ғана бөлігі.

НАСРУЛЛА БӨРТЕБАЕВ, ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ядролық технологияларды қолдану арқылы жаңа композициялық материалдарды жасау және зерттеуге мүмкіндік туды. Мүлде қолданыста жоқ материалдарды жасап шығаруға болады. Мысалы, радиация мен жоғары температураға, коррозияға төзімді берік жабындылар жасалады. Оларды өнеркәсіптің көптеген салаларында қолдануға болады.

Бейбіт атомды пайдаланудың әдеуеті мол. Сондықтан әлемнің жетекші университеттері ядролық физика мамандарын даярлауға күш салуға дайын. Өйткені бұл саланың ашылмаған жаңалықтары әлі де көп, дейді ғалымдар.

Фото: kaznu.kz