Қазақстандық жазушының кітабы АҚШ Конгресі кітапханасынан орын алды

Қазақстандық жазушы Зәуре Төреханова «Әмина Тұран көшпенділер елінде» атты кітабының жалғасын жазып жатыр. Отандық оқырман үшін таңсық фэнтези жанрындағы туынды 12 жасар қыздың көшпенділер әлеміне саяхаты туралы баяндайды. Балаларға қатты ұнаған шығарманы жазушы биылғы жылдың соңына дейін жазып бітіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Жаңа роман «Әмина Тұран Ұлы Жібек жолында» деп аталады. Қаламгер Зәуре Төреханованың айтуынша, оның мақсаты – кішкентай оқырмандарға өздеріне ұқсайтын жаңа кейіпкерді таныстыру.

ЗӘУРЕ ТӨРЕХАНОВА, ЖАЗУШЫ:

 - Балалар өздері туралы оқығысы келеді. Олар өздеріне ұқсайтын, тіпті, есімдері де, жастары да, түрлері де өздеріне  ұқсас кейіпкерлердің бастан кешкендері туралы қызыға оқиды. Балалар жазушы ретіндегі менің мақсатым – олардың қиялын оятатын кітаптар жазу.

Зәуре Төреханова – көркем шығармалармен қоса, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына жолсілтер кітапшалардың да авторы. Саяхатшылар үшін аса пайдалы басылымды қаламгер қызықты ету үшін бояуы қанық иллюстрациялар мен фотосуреттерді пайдаланған. Жолсілтегіштің екеуі де балаларға да, ересектерге де түсінікті болу үшін лайықталып жасалған. Онда қос қаланың көрікті жерлері туралы ақпаратпен қоса, даму тарихынан да мәлімет бар. Жолсілтегіштер АҚШ Конгресі кітапханасының қорын толықтырды. Басылымдар президенттер Джефферсон және Адамс атындағы ғимараттарда сақтаулы.    

ЗӘУРЕ ТӨРЕХАНОВА, ЖАЗУШЫ:

 - Алматыға арналған басылым сұранысқа ие болған соң, елорда туралы да танымдық кітап басып шығаруды жөн көрдім. Өйткені астанамыздың тарихы бай, қазір де елордамыздың төрі маңызды шаралардың алаңына айналған. Сондықтан кітапқа «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана» деп атау бердім. 

Зәуре Төреханова қаламгерлігін жалғастырып, оқырмандар жүрегін жаңа шығармаларымен жаулауды мақсат тұтады.

Авторы: Жәмила Құсайынова

Фото: awardslondon.com