2025 жылға қарай Ақмола облысының туристер саны 13 миллионға жетеді

Ақмола облысына жыл сайын 1 млн астам турист ат басын тірейді. Ал 2025 жылға қарай олардың қатарын 13 миллионға жеткізу көзделген. Қазір көз тартар сұлу табиғатымен танымал Бурабайдың туристік әлеуетін арттыру мақсатында жаңа курорттық аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Демалыс кешені 230 гектардан астам аумақта орналасады. Онда 150-ге жуық шағын қонақ үй мен спорттық және ойын-сауық орталықтары бой көтереді. Бүгінде курорттық аймақта жыл бойы қызмет көрсететін жобалар қолға алынбақ.  

АЛМАС САҒДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің туристік әлеуетті дамыту үшін Бурабайда былтырдан бері «Four seasons» концепциясы жүзеге асырылып келеді. Яғни курортты аймақ жыл 12 ай жұмыс істеп тұруы тиіс. Мәселен, осы күзде спорттық көліктер жарысы өтеді. Ал қыста «Қансонар» бүркітшілер сайысын ұйымдастыру жоспарланған.

Шығыс Қазақстанның да туристік межесі жоғары. Туристік саланы дамыту бағдарламасы аясында аймақта құны 30 млрд теңгенің жобасы әзірленуде. Қаржы Алакөлдің жағасы мен коммуналдық шаруашылық жүйесін реттеуге бағытталмақ. Сарапшылардың айтуынша, мұнда демалушылардың 90 пайыздан астамы қазақстандықтар. Алыс шет елден келгендер Қатонқарағай, Риддер сынды ну орманды аймақтарды аралағанды ұнатады. Ал көрші Ресей елінің азаматтары Бұқтырмада демалады.

МАРАТ ҚАБАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бағдарлама аясында Алакөл жағалауы қарқынды дамып келе жатыр, жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр, ірі жоба бойынша, атап айтсақ, кәріз желілерін, су құбырларын, әуежайды жөндеу бойынша, тек қана Алакөл емес, сонымен қатар бізде Қатонқарағай, Риддер, Бұқтырма, Глубокое аудандарын да қарқынды дамитын болады, осы Алакөл сияқты мастер план қазір әзірленуде.

Ал Түркістан облысында туристер саны соңғы 7 айда 700 мыңнан асқан. Саяхатшылардың жартысы – көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінің азаматтары. Еліміздің өзге облыстарынан келіп, киелі орындарға зиярат жасайтындардың да қарасы қалың. Қазір Түркістан Ұлы Жібек жолының орталығы ретінде дамып келеді. Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Түркістан қалаларын байланыстыратын халықаралық бағыттар жұмыс істейді. Жалпы облыста туризмді дамытуға арналған 17 жоба жүзеге асырылса, соңғы 7 айда 7 жоба іске қосылды.

Фото: travel-picture.ru