Қазақстан Конституция күнін атап өтуде

Бүгін – Қазақстанның Конституция күні. Еліміздің Ата заңы 1995 жылы 30 тамызда жалпыұлттық референдумда қабылданды. Конституцияның бірінші бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, ал оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ел азаматтары Ата заңның жобасын талқылауға әу бастан-ақ қатысты. Жалпы 33 мыңнан астам шара барысында 3 миллионнан астам азамат өз пікірлерін білдірген. Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне Конституциямыз негіз болды, дейді мамандар.

ЖАКСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

-  Біздің Ата заңымыздың басты жетістігі – бұл 1990-шы жылдардың басында ел аумағының бүтіндігін сақтап қалуымыз. Егер сол жылдардағы жағдайды алып қарасақ, сондай-ақ посткеңестік кеңістікті зерттеген батыстың, америкалық саясаттанушылардың айтқан пікірлеріне көз жүгіртетін болсақ, онда Қазақстанда этнолингвистикалық фрактализация индексінің өте жоғары болғандығын байқаймыз. Бірақ ұлтаралық қарым-қатынас саласында байқап әрекет етудің нәтижесінде, елімізде дұрыс саясат жүргізудің арқасында, сонымен қатар ел Конституциясының қазіргі саясаттың бағытын дұрыс белгілеуінің нәтижесінде Қазақстан өзінің тұтастығын сақтай алды.