Нұр-Сұлтанда стрит-арт үлгідегі жаңа муралдар пайда болды

Қазақстан елордасы заманауи көше өнерінің алаңына айналғандай. Халықаралық арт-фестивальдің шеңберінде қала ғимараттарының қасбеттері монументалды бейнелеу өнерінің танымал бағыты – муралдармен безендірілді. Көп қабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына салынған алып суреттердің авторлары – жергілікті және шетелдік суретшілер. Биыл фестивальге қатысқан 104 шебер өздерінің 200-ден аса жұмысын ұсыныпты, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.   

ЕРЖАН БЕЖКЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН Қ. САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

–  Қалалық кеңес 200 жұмыстың ішінен жиырмасын таңдап алды. Бүкіл әлем бойынша 104 суретші өз нобайларын жіберді. Ал іріктелген 20 суреттің үшеуін Сарыарқа ауданындағы ғимараттарға салдырдық. Мысалы, мына қыран құстың бейнесі – ресейлік және қазақстандық суретшілердің бірлескен еңбегінің жемісі. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның символы.

Мурал суреттер алғаш рет осыдан 90 жыл бұрын Мексикада пайда болған. Кейін бұл шығармашылық бағыт Латын Америкасының шекарасынан асып, бүкіл әлемге тарады. Ғимараттардың қасбеттеріндегі алып суреттердің арқасында қаланың келбеті ажарланып қана қоймай, ерекшелене түседі. Бұл жаппай урбанизация заманындағы аса маңызды жағдай, дейді сарапшылар.

ОЛЬГА ВЕСЕЛОВА, «URBAN ART ASTANA» ФЕСТИВАЛІНІҢ КУРАТОРЫ:

– Қаланы бірегей ете түседі. Фестиваль аясында сауалнама жүргіздік. Сонда елордалықтардың көбі осы алып бейнелер сияқты бір ғана суреттен туған қаласын тануға болатынын айтты. Ал бұл енді қалыптасып келе жатқан біздің жас шаһар үшін өте маңызды. Бұған қоса, олар қала қонақтары үшін ерекше тартымды жаңа туристік нысандарға айналады. 

Қазақстан елордасындағы халықаралық фестивальге Еуропа, Аргентина және Жапония суретшілері де қатысты.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: tengrinews.kz