Ұлттық ядролық орталық екінші «Тоқамақ» реакторын іске қосады

Әлемді энергетикалық тәуелділіктен басқармалы термоядролық синтез арылта алады. Қазақстандағы Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары осы теория бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған. Осы мақсаттарға жету үшін ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары 20 жыл бойы үздіксіз мыңдаған зерттеулер мен тәжірибелер жасап келеді. Мамандардың пайымдауынша, «Тоқамақ» қазақстандық материалтанымдық қондырғысының болашақ энергиясын өндіретін әлеуеті зор.       

ЕРЛАН БАТЫРБЕКОВ, ҚР ҰЯО РҚЭИ РМК ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  Адамзат плазманы ұстап тұруды үйренсе, онда жерде шағын күнге ие болады. Біраз мәселе шешімін табады. Себебі термоядролық синтез – экологиялық таза энергия көзі. Әрі сарқылмайды. Бұл ретте сутегінің изотоптары пайдаланады. Ал сутегі мұхит суы сияқты. Оны өндіріп алу аса қиындық тудырмайды. Әрине ол үшін сутегі шығаратын ядролық технологияларға, жоғары температуралы реакторларға қол жеткізуіміз қажет.

Қазір ғалымдар қазақстандық материалтанымдық «Тоқамақты» іске қосудың екінші кезеңіне дайындықты бастап кетті. Бұл – халықаралық ITER жобасының басым бағытқа ие бастамасы. Демек, келешекте термоядролық синтез адамға бағынышты болады. Айта кету керек, реактор алғаш рет «ЕХРО-2017» көрмесіне орай пайдалануға берілген. 

ДЕНИС ЗАРВА, ҚР ҰЯО БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

-  Екі жыл бұрын алғашқы плазма алғанбыз. Оған дейін 2010 жылы сынамалы түрде іске қосып көргенбіз.

Дәл осындай зерттеулер әлемде сұранысқа ие. Бүгінде «Тоқамақты» бірлесе пайдалану бойынша ТМД елдерімен келісімдер жасалған. Өз кезегінде Қазақстан реакторды табыс көзіне айналдыруға ниетті.

БАУЫРЖАН ШЫҚТЫБАЕВ, ҚР ҰЯО АТОМДЫҚ ЭНЕРГИЯ ИНСТИТУТЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

 - Барлық зерттеулер әлемдік ғылым үшін аса қызық. Қазір Францияда ITER деп аталатын сынамалы термоядролық реактордың құрылысы басталды. Ол осындай реакторлардың жүзеге асу мүмкіндіктерін көрсетуі міндет. Алайда материалдық тұрғыда шешілмеген мәселелер жетерлік. Яғни плазмаға қатысты материалдар тізбегі әлі таңдалған жоқ. Ал біздің қондырғыда осындай зерттеулер жүргізіледі.

«Тоқамақты» іске қосудың екінші ақырғы кезеңі қыркүйек айына жоспарланған. Содан кейін реактор кешені толық пайдалануға беріледі. 

Фото: khabar.kz