Қазақстанның киелі жерлеріне баратындар саны артуда

Қазақстанның киелі орындарының картасына мәдени, тарихи және табиғи мұраның 600-ден астам нысаны енгізілді. Алматы облысының өзінде қасиетті жерлердің саны 58-ге жетеді. Оларды көруге келген туристердің де қарасы қалың. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып келеді. Туристер іздеп баратын тарихи орындардың қатарында Жаркенттегі ерекше үлгіде салынған мешіт те бар. Былтыр оны 3700 адам тамашалаған. XIX ғасырда бой көтерген нысан қазақстандықтармен қатар, шетелдіктердің де қызығушылығын тудырады.

КӨРКЕМ РАХЫМҒАЛИЕВА, МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Туристеріміз келеді, Польша елінен, басқа елдерден келеді. Ол кісілер барып, басқа елдерге жеткізеді. Мысалы, біз шетелден келгендерді, әсіресе Польшадан келгендерді кездестіреміз.

Кеңес үкіметі кезінде бұл жер әскерилердің жатақханасынан бастап, ат байлайтын қорасына дейін пайдаланылған. Тіпті, астық қоймасы да болған. Мешіт алғаш рет 70 жыл бұрын зерттелген. Нәтижесінде тарихи ғимарат мемлекеттің қамқорлығына алынды. Оның бір ерекшелігі – мешіт құрылысына бірде-бір шеге қолданылмапты.

ЕРЖАН ҚАБЫЛБЕКОВ, ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бұрын келмегем, бірінші рет келіп тұрмын. Жақсы жер екен. Тарихы терең екен. Әзірге өзім ғана келіп отырмын. Болашақта отбасыммен келсем деген ойым бар.

ШУХРАТ ҚҰРБАНОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Биылғы жылғы алты айда халыққа көрсетілген қызмет былтырмен салыстырғанда 77 млн теңге болды..Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл 2-2,5 млн-ға артық. Халық көбіне тарихи мешітке көп келеді, әсіресе Әулиеағашқа көп келеді.

Алматы облысындағы туристік кешендерге былтыр 2 млн-нан аса адам келген. Биыл Жетісудың тұмса табиғатын тамашалап, тарихи орындарына баруға ниетті 2 млн 200 мың турист келеді деп күтілуде.

Фото: yvision.kz