Қызылордалық биотехнолог сиыр сүтінен қымыз өндірмек

Биотехнолог Баян Дүйсенбектің күн тәртібі шеберхананың арнайы зертханасында сүт құрамын зерттеуден басталады. Қызылорда облысының тумасы құнарлы жаңа өнім түрлерін шығару бағытында ізденуде. Бұған дейін ұзақ сақталатын ашытқы, шұбаттан балмұздақ шығарған Баян енді сиыр сүтінен қымыз өндіруге білек сыбанып кірісіп отыр.

БАЯН ДҮЙСЕНБЕК, ТЕХНОЛОГ:

 - Сиыр сүтінен бөлінетін сарысуды пайдалана отырып, қымыз өңдеп, шығарып жатырмыз. Жылқының сүтімен өте қатты дәрежеде айырмашылығы жоқ. Негізгі пайдасы адам баласына өте зор. Ішкі ағза, асқазан құрылысына, одан бөлек сиыр сүтінен бөлінетін сарысудың адам ағзасына берері өте мол.

Мамандардың айтуынша, сиыр сүтін қымыз өндіру үшін пайдаланудың үлкен артықшылығы бар. Біріншіден, бұл бие сүтінен бірнеше есе арзан. Екіншіден, сиыр сүтін жыл он екі ай өңдеуге болады. Айта кетейік, жаңа өнім қазірдің өзінде ғылыми зерттеулерден өтті.

БАЯН ДҮЙСЕНБЕК, ТЕХНОЛОГ:

-  Жұмыс Алматы қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығымен, Аграрлық университетпен бірлесе отырып жасалып жатыр. Әлі де тексерілу үстінде, толық-қанды тексеріліп болған соң, біз оны арнайы сатылымға жібереміз.

Мамандардың айтуынша, цех алдағы уақытта қуаттылықты арттырып, өткізу нарықтарын кеңейтуді мақсат етіп тыр.

САБЫР ЕРМАХАНОВ, КӘСІПКЕР:

 - 2016 жылы бізде ауылшаруашылығы кооперативі ұйымдастырылып, 750 түйе бағып жатырмыз, 285 сиыр, 150 жылқы бар. Таза өнім болғандықтан сұраныс көбейіп жатыр, сондықтан да біз жылдан жылға малдың санын көбейтіп, өнімді де ұлғайтып жатырмыз.

Әзірге бұл цех жергілікті тұрғындарды шұбат, айран, құрт, ірімшік секілді 10 түрлі сүт өнімімен қамтамасыз етіп отыр.

Фото: aqmeshit-zhastary.kz