Жетісудың брендіне айналған сиверс алмасын сақтап, көбейту шаралары

Алматы облысында Жетісудың брендіне айналған сиверс алмасын сақтап, көбейту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сиверс алмасы негізінен Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь-Шань және Тарбағатай тауының жоталарында өседі. Оның осыдан 165 млн жыл бұрын пайда болғанын 2002 жылы британдық биолог-генетик Бэрри Джунипер анықтап берді. Шетелдік ғалым жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы – қазіргі Қазақстан жері деген қорытынды жасады. Осылайша, сиверсті сақтау халықаралық қоры құрылды. Жетісу Алатауында бұл алма түрінің гүлдеуі – өзінше керемет бір құбылыс. Мамыр айында бұл жер алқызыл гүлге оранады. Ең бастысы – сиверстің гүлдеуіне арналған фестивальды тамашалауға шетелдіктер көптеп келе бастады. Биылдың өзінде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 500-ге жуық турист келіп-кеткен. 

АЙДАНА ТҰРЫСБЕКОВА, ЖОҢҒАР АЛАТАУЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Біздің сиверс алмасы жапонның сакурасынан кем емес. Гүлденуі кереметтей, көздің жауын алады. Басты мақсат – осы сиверс алмасына атқарылып жатқан қорғау жұмыстарына елдің, халықтың назарын аудару. Бізде де осындай байлықтар бар екенін көрсету.

МЕЙРАМБЕК ҚАПАСОВ, АҚПАРАТТЫҚ ТУРИСТІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Биыл 31 мамырда ҚР Үкіметімен №360 қаулысымен туризмді дамытудың 2019 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарламада біздің әлемге әйгілі брендіміз болып келе жатқан сиверс алмасы енгізілген.

Жоңғар Алатауының баурайында Сиверс алмасының 40 шақты түрі кездеседі. Ол теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте өседі. Қазір сиверс көшеттері өткен ғасырдың 70-ші жылдары құрылған Лепсі тәлімбағында көбейтіледі. Оның аумағы – 25 гектар. «Тұқымды шеттен тасымаймыз», - дейді мамандар.

РУСТАМ САМИҒҰЛОВ, ОРМАНШЫ:

 - Сиверс алмасын өсіреміз. Тұқымдар осы жерден жиналған. Биологиялық препараттарды жұмсамаймыз, қолданбаймыз оларды. Бәрі табиғи, табиғи жолмен өседі.

Жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасына баланған бұл жеміс түрі динозаврлар заманынан бері өсіп келеді. Кейінгі жылдары Қызыл кітапқа енді. Сиверс алмасының сонау бор кезеңінің өзінде болғандығы археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденді.

Фото: Хабар 24