Қазақстанда жаңа технологиямен жұмыс істейтін телескоп іске қосылды

Қазақстанда жаңа технологиямен жұмыс істейтін телескоп іске қосылды. Бұл отандық астрофизиктерге ғарыштағы гамма құбылыстарды оңай бақылауға жол ашады. Диаметрі 70 сантиметрлік ғажайып құрылғы Асы Түрген обсерваториясында тұр. Қондырғы небәрі, 8 секундта ғарыш құбылыстарын түсіріп үлгереді екен. Жаңа құрылғыны Фесенков атындағы астрофизикалық институт, Назарбаев университеті мен Калифорния университеті бірлесіп орнатқан.

АСЫЛХАН БИБОСЫНОВ, В.Г.ФЕСЕНКОВ АТЫНДАҒЫ АСТРОФИЗИКАЛЫҚ ИНСТИТУТ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл телескоптың бір ерекшелігі – жылдамдығы. Оптикалық кешен ғарыштағы лездік құбылыстарды тез арада тіркейді. Енді жоғары жылдамдықты интернет қосуды жоспарлап отырмыз. Әлемдік телескоптарды орнатқан кезде – бұл өте маңызды. Сонда қондырғыны әлемнің кез келген нүктесінен басқаруға болады.

Бір түнде 200 галактиканы түсіруге мүмкіндік беретін телескоптың мәліметтеріне шетелдік ғалымдардың да қызығушылығы үлкен. Асы Түрген обсерваториясы аумағында бұдан басқа 3 телескоп бар. Қазіргі кезде астрофизикалық институт аясында 3,6 диаметрлі телескоп құрастыру бойынша инвесторлық жобалар әзірлену үстінде. Ал 57 тонналық мына телескоптың диаметрі – 1,5 метр. Бүгінде оның көмегімен неміс ғалымдарымен экзопланеталарды іздеу жобасы жүзеге асырылуда.

МАКСИМ КРУГОВ, В.Г.ФЕСЕНКОВ АТЫНДАҒЫ АСТРОФИЗИКАЛЫҚ ИНСТИТУТТЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

- Бұрынғымен салыстырғанда, бұл телескоп 16 есеге көп көреді. Яғни бұл Қазақстандағы ең ауыр телескоп қана емес, сонымен қатар ғарышты зерттеуге арналған ең ірі қондырғы деуге болады. Алдағы уақытта біз қашықтықтан басқаруды жолға қоюды жоспарлап отырмыз.

NASA ғарыш агенттігінің мамандарының айтуынша, Асы Түрген обсерваториясы ғарыш ғаламаттарын зерттеу үшін өте ыңғайлы орналасқан. Теңіз деңгейінен 3 мың метрге жуық биіктікте орналасқан нысан аспан денелерінің қозғалысын, Ай мен Күннің тұтылуын және басқа да ғарыштық құбылыстарды айқын көруге мүмкіндік береді.

Фото: informburo.kz