Сексеуіл ормандарын сақтау шаралары

Сексеуіл ормандарын сақтау – Қазақстан экологиялық қоғамдастығының маңызды міндеті. Елімізде аталған өсімдікті шабуға салынған тыйымның ұзартылғаны белгілі. Қазақстан аумағындағы шөлейттенумен күресуде сексеуіл ормандары аса қажет, дейді биоалуандылықты сақтау қоры дирекциясының жетекшісі және Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының мүшесі Асылхан Асылбеков. Оның айтуынша, сексеуіл 2 тоннаға дейін құмды ұстап тұра алады. Жыл сайын Арал теңізінің құрғаған түбінен желмен 80 млн тоннаға дейін тұз көтеріледі, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Сексеуіл болса, жер бетіндегі топырақты ұстап тұруға және шөлейттенуге жол бермеуге мүмкіндік береді. Гранттық жоба аясында Арал теңізінің кепкен түбіне 3 млн 640 мың көшет отырғызылды. Осы мақсатқа Оңтүстік Кореяның орман қызметі Қазақстанға 1 млн 700 мың доллар бөлген болатын.

АСЫЛХАН АСЫЛБЕКОВ,  ҚР БИОАЛУАНДЫЛЫҚТЫ САҚТАУ ҚОРЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ, ҚР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Егер бір адам сексеуілді сатса және де ол қатты қураған болса, оған салынатын айппұл көлемі 200 айлық есептік көрсеткішке тең болады. Ал егер ағаш жаңадан кесілген болса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осы шаралардың барлығы – Үкімет тарапынан жасалып жатқан нақты қадамдар. Биылғы жылдың көктемінде біз 5 мың гектар жерге сексеуіл ектік. Өткен жылы Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғаған түбіне 5 мың гектар отырғыздық. Ал биыл 800 гектар жерге сексеуіл егу жоспарымыз бар. Осы күзде жарты миллион, бәлкім 1 миллионға жуық көшет отырғызамыз.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: inform.kz