Қазақстанға Грузиядан келген туристер саны 75 пайызға артқан

Қазақстан әлем саяхатшылары үшін тартымды. Өткен жылы елімізге келген туристердің саны 8 млн-нан асып түскен. Шетелдіктерді Қазақстанның тұмса табиғаты, тарихи ескерткіштері, көшпенділердің салт-дәстүрлері мен мәдениеті қызықтырады. Елге келушілер санының артуына Қазақстанның визалық режимді жеңілдету бағытында қабылдаған шаралары да өз ықпалын тиігізіп отыр. Бүгінгі күні әлемнің 60-тан астам мемлекетінің азаматтары біздің республикаға визасыз кіре алады. Солардың қатарында Грузия да бар. Туристік компаниялардың мәліметтеріне сәйкес, соңғы бір жылда Грузиядан ағылған туристер саны 75 пайызға артқан.

МОНИКА ВАТИБАШВИЛИ, ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бұрын грузиндер Қазақстанға іс-сапармен ғана барса, қазіргі таңда бұл ел курорттық аймақ ретінде қызықтырады. Саяхатшылардың көбі Түркістан қаласын таңдайды. Тарихы тереңде жатқан ежелгі қала сәулет ескерткіштерімен мешіттерге бай. Сонымен қатар Қазақстан көрікті табиғатымен көздің жауын алады.                                                                     

Грузиндерді Қазақстандағы көне Жібек жолының бойында орналасқан көне шаһарлар қызықтырады. Ал қазақстандықтар ол жаққа негізінен қысқы демалыста немесе шижайларында ем алуға баратын. Енді бұларға тарихи туризм қосылары хақ. Өйткені грузиндер жерінде қазақтардың ата-бабалары – қыпшақтардан қалған ескерткіштер көп. Бұл жағдай екі бағытта да туристер ағынын еселеуге тың мүмкіндік, дейді «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері. Атап айтқанда, тарихи орындарға арнайы турлар ұйымдастыру, көшпенділер мәдениетінің фестивальдері, қолөнершілер көрмелері турист алмасуды күшейте түседі.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Грузиндер келісіп отыр, жартылай біз фильмдер шығарайық, жұрт тарихты білсін. Грузиндер де білсін, қазақтар да білсін деп. Ескерктіштер салайық. Музейлермен қарым-қатынас жасайық, экспонат, жәдігерлермен алмасайық деп.

Қос мемлекет ортақ тарихи мұраларды кеңінен насихаттауды қолға алса, Қазақстан мен Грузия арасындағы туристік қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі, дейді экспедиция басшысы.

Фото: kapital.kz