Абайдың ұрпақтары насихаттық тур ұйымдастырмақшы

Абай Құнанбаевтың ұрпақтары ұлы ақынның 175 жылдығына орай Қазақстан бойынша насихаттық турға шықпақ. Осылайша, сөзі алысқа, кеңесі талайға кеткен хәкім Абайдың шығармашылығын барынша кеңге таныта түсуді көздейді. Семейлік Балташ Ерсәлімов ширек ғасырға жуық уақыт бойы Абай қорын басқарды. Мамандығы – журналист, әр жылдары газетте жұмыс істеп, өлкентану музейі мен қазақ филармониясына басшылық етті. Ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан. «Дегенмен Қазақстан бойынша тур ұйымдастырып, ақын атамыздың шығармашылығын насихаттауға дайынмын», - дейді ол.

БАЛТАШ ЕРСӘЛІМОВ, АБАЙДЫҢ ЖИЕНІ:

 - Абайдың енді өмірден көргені көп. Өзі өлеңінде айтады ғой «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп. Ол алысқанда ешкіммен бәс қойып, дес қойып, ренжіскен адам емес. Абай өзінің өлеңдерінде халқын білімге шақырған, сауаттылыққа шақырған, ынтымаққа шақырған, бірлікке шақырған.

Ұлы ақынның жиеншары Ержан Ерсәлімов те бұл пікірді қызу қолдайды. Ол Абайдың өлеңдері мен қара сөздері ескірмейтініне һәм мәңгі жасайтынына бек сенімді.

ЕРЖАН ЕРСӘЛІМОВ, АБАЙДЫҢ ЖИЕНШАРЫ:

 - Қазіргі жаңашылдықтардың түп негізі көнеден бастау алады. Ол жазылмаған заңдылық іспетті. Мәселен, қазір еліміздегі беделді тұлғаларға дейін Абайдың шығармаларынан үзінді оқып, оны өзге әріптестеріне жолдап, эстафетаға айналдырып жіберді. Мен оны жастарға үлгі боларлық шара деп есептеймін.

Бұл бастаманы еліміздегі өзге ұлт өкілдері де қолдап отыр. «Айша бибі» ұлттық мәдени орталығы Семейдегі «Достық үйінде» поэзия сағатын ұйымдастырып, оны өңірдегі өзге де этномәдени орталықтарға жалғастыруды ұсынды.

Фото: Хабар 24