Ұлттық музей шетел туристері үшін тартымды

Қазақстан шетелдік саяхатшылар үшін шежірелі тарихы және құнды мәдени мұрасымен қызықты. Елге келген сырт мемлекет азаматтарының дені қазақ халқының көне қазынасы шоғырланған Ұлттық музейге бас сұқпай кетпейді. Танымдық экскурсиялар шетелдік меймандарға түсінікті әрі ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілдерінде жүргізіледі, - деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

МАЙРА ТҰРСЫНҚЫЗЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ЭКСКУРСИЯ ЖҮРГІЗУШІСІ:

-  Шетелдік туристер біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихымызбен жақсы таныс. Одан бұрынғы тарихты соншалықты қатты білмейтін болғандықтан, мұражайға келген кезде экскурсия барысында, экскурсияны әрі қарай тыңдағаннан кейін одан сайын қызығушылықтары артады. Оларды көбінесе сұрайтындары Қазақстан аумағында табылған «Алтын адам» туралы ақпараттар қызықтырады.  

Биылдың алғашқы жартысында рухани азық мекенін тамашалап, үлгерген  қауымның 10 пайыздан астамын шетелдік туристер құраған. Осы аралықта  былтырғы жылдық көрсеткіш бағындырылып, 21 мыңнан астам өзге елдердің өкілдері жәдігерлердің мән-маңызына тереңінен үңіліп, қанығып қайтқан.   

ВЛАДИМИР ЮСТУС, ТУРИСТ, ГЕРМАНИЯ:

 - Егер де Қазақстанға турист ретінде келгісі келетін азаматтарға елдің шынайы тарихымен танысу үшін бірінші кезекте Ұлттық мұражайды аралап шығуға кеңес берер едім. Мұнда ежелгі дәуірден сыр шертетін жәдігерлермен қатар, осы мемлекеттің басқа да жетістіктерімен жақынырақ танысу үшін барлық жағдайлар жасалған.  

Айта кетейік, Ұлттық музей – Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі мұражай.

Ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Жеті блоктан тұратын тоғыз қабатты бірегей кешенннің 14 экспозициялық залы бар. Ғылыми-зерттеу институты мен жәдігерлерді қалпына келтіру шеберханасы жұмыс істейді. Мақсат – бір. Ұлттық тарихты түгендеп, ақтаңдақ беттерін ашу.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ ҚҰСАЙЫНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Ұлттық музей болғаннан кейін, әлбетте ең бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлт, жердің егесі – қазақ ұлты, қазақ халқының тарихына қатысты болады. Мұндағы дүниелердің барлығы сондай. Сонау ықылым заманнан қола, сақ дәуірінен бастап біздің ата-бабаларымыз, осы арамызда жүрген ғарышқа ұшқан ғарышкерлерге дейін тұтас қазақ халқының тарихын көрсетеді.

Қазіргі уақытта Ұлттық мұражайдағы барлық жәдігерлердің саны 200 мыңнан асады. Қор әрдайым 4 арна бойынша жаңарып тұрады. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы барысында ғана олардың қатары 4 мыңнан астам құнды экспонатпен толыққан.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Photo: mustvisit.world