Отандық теміржол компаниялары вагондарын газбен жылытатын болады

Экологиялық қайта түлеу. Отандық теміржол компаниялары қоршаған ортаға әсерін төмендетіп, Климат жөніндегі Париж келісімін жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда, - деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Атап айтқанда, елдегі ең ірі теміржол холдингі қолға алған арнайы бағдарламаның арқасында атмосфераға зиянды шығарындыларды 16%-ға қысқартып, 2023 жылға қарай көміртектің қалдық ізін 100%-ға өтеуді жоспарлап отыр. Ол үшін компания баламалы энергия көздерін енгізуге, қазандық шаруашылығын жаңғыртуға және газбен жылытуға көшуге ниетті. Тағы бір маңызды бағыт – шағын және моноқалаларды көгалдандыру бағдарламасы.

ӘДІЛЖАН ШОМАНОВ, ТЕМІР ЖОЛ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз өз өндірісімізде энергия шығынын және энергияға деген тәуелділікті төмендетуді көздейміз. Бұл ғимараттың жылу сақтағыштығын күшейту, көп қуатты қажет ететін жабдықтарды жаңғырту, толықтай LED технологияларға көшу сынды шаралар. Екінші кезең - баламалы технологияларды енгізу. Яғни жылу сорғылары мен күн коллекторларын іске қосу, бұл отын энергетикалық ресурстарды тұтынуды 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Үшінші кезеңде жаңғырмалы қуат технологиялары кеңінен енгізіледі.

Сондай-ақ қазақстандық компания пластик қалдықтарын қайта өңдеу бойынша жобаны іске қосуды және кейіннен инновациялық пластикалық шпалдар шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінде технология АҚШ, Канада, Батыс Еуропа және Ресей темір жолдарында кеңінен қолданылуда.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: zakon.kz