Ресейде Қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұлықталды

Ресейде қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұлықталды. Осыдан 2 ғасыр бұрын алғаш қазақ тайпалары қоныс тепкен Челябі облысының Верхнеуральск қаласында бүгінде 3,5 мыңдай қандастарымыз тұрады. Негізінен олар мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысады. Ресейлік қазақтар ұлттық салт-дәстүрге берік. Оны Оңтүстік Орал өңірінде жыл сайын өткізілетін «Туған жер» фестивалінен байқауға болады. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер, ұлттық киімде ән айтып, қызмет көрсеткен қыз-жігіттер, ат жарыс, палуан күрес, құдды бір қазақ ауылындағы қызық-думанға тап болғандайсың. Бұл тойға Қостанай облысының өкілдері де өз тарту-таралғыларымен келген.

АЛТЫН ӨТЕГЕНОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ӨКІЛІ:

-  Бүгінгі күні қайта жаңғырып жатқан дүниелердің бәрін қаймағын қалқып алып, жастарға ұсына білуіміз керек. Біз үшін бұл өте маңызды нәрсе. Бабалардан қалған мирасты, әдет-ғұрыпты, дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап, аманат етуіміз тиіс.

АЙНҰР ЖАДЫРОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Қазір туған баланы бесікке қалай салу керек, соның дәстүрін үйретіп кетеміз. Сондай-ақ біздің өзіміздің қазақы оюлармен тігілген көрпелеріміз бар. Және ата-бабаларымыздың бұрын киген шапандары, тымағы сақталған.

Сонымен қатар шара барысында «Менің әжем әдемі» атты сайыс, шәй мәзірін дайындау, жайма жаю байқаулары ұйымдастырылды.Түрлі ұлттық тағамдарға толы шәй дастархандарының ішінен үздігін анықтау қазылар алқасына да оңайға соққан жоқ.

ГҮЛСАРА ТҰРҒЫНОВА, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Құрт, ірімшік, міне май, қаймақ, осының бәрін ата-бабамыздың мұрасын осы уақытқа дейін алып келе жатқан осындай әдемі келіншектерге, апаларымыздың алдында басымызды иеміз. Енді бағалау өте қиын, бәрінің дастарқаны сондай төгіліп тұр.

Мерекеде делебені қоздырып, қиқу бастырған ат жарыс ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүрімізді паш еткен жиын-тойға көрші елдің әртүрлі өңірлерінен  барлығы 5 мыңнан аса адам қатысты.

Фото: Хабар 24