Астана орманы кеңейтіледі

Қазақстанның астанасын көгалдандыру ісі 2021 жылы жаңаша серпін алмақ. Алдағы уақытта елорданың жасыл белдеуінің аумағын екі есеге ұлғайтып, 30 мың гектарға жеткізу көзделген. Қазір жобалау жұмыстары қолға алынды. Бұл қаланың экологиялық ахуалын да жақсарта түспек. Биылдың өзінде 511 мың түп тал отырғызылды. Қайың-қарағайы жайқалып тұрған орманда шырша, емен, үйеңкі сынды ағаштардың 36 түрі өседі. Арасында қарақат, шие тәрізді жеміс-жидектер де бар.

АРДАҚ ХАСЕНОВ, «АСТАНА ОРМАНЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАС АГРОНОМЫ:

-  Шілде-маусым айларында біз орманды зиянкестерден қорғасақ, қазір дала өртінен қорғау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл бойынша бізде Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуі бойынша 6 пост орналастырылған. Онда 40 адам және 6 су таситын машиналар тәулік бойы жұмыс атқарады.

Енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан тал-теректерге ерекше күтім қажет. Биыл жауын-шашын мөлшері аз болғандықтан, жұмысшылар тынымсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Таңның атысы, күннің батысы ағаштарды суарып, орман алқабын жайқалтуға үлес қосады.

ДӘМЕТАЙ СҮЛЕЙМЕНОВА, ЖҰМЫСШЫ:

 - Осы Астана орманында бірнеше жылдан бері жұмыс істеймін. Мына талдарды егіп, шырша, үйеңкі ағаштарын егіп, жақсы өсіп тұрса, өте қуанамыз.

Бұдан 20 жыл бұрын елорданың іргесіне егілген тал-шыбық қазір зәулім ағашқа айналды. Жалпы аумағы 15 мың гектар жасыл белдеу келешекте кеңейтілсе, әрбір тұрғынға 250 шаршы метр орман алқабы тиесілі болады.

Фото: bnews.kz